Site icon KAZAKBOL

«Ашық диалог» Қазақстан билігін Ресейге көмектесті деп айыптап, Тоқаев пен Тасмағамбетовке санкция салуға үндеді

Варшавада шоғырланған «Ашық диалог» қоры Қазақстан билігін Ресейді санкцияға ілінген тауарлармен қамтамасыз отыр деп айыптап, олар үшін санкция енгізуге шақырды.

Қор өкілдері санкция салынсын деп отырғандар арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов, экс-президенттің күйеубаласы Тимур Құлыбаев және Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бар.

Аталған қордың #БелсенділерЭкстремистЕмес тобы өкілдерімен бірге әзірлеген есебінде авторлар «Қазақстан Ресейге Батыс елдерінің санкциясын айналып өтуге көмектесіп отыр, сол арқылы Ресейдің Украина мен демократиялық қауымдастыққа соғысына дем беріп отыр» деп жазып, бірқатар статистикалық мәлімет келтіреді. Есеп «Ресейдің Украинаға қарсы соғысының бенефициарлары. Назарбаев-Тоқаев режимі Путинге қалай көмектесіп жатыр?» деп аталады. Қор өкілдері есепте Қазақстанның сыртқы сауда бойынша ресми мәліметтеріне, ашық дереккөздерге, сарапшылар талдауы мен инсайдерлік ақпараттарға сүйеніп отырғанын жазады.

«2022 жылы Қазақстан Ресейге құны 437 мың доллар болатын 11,5 тонна оқ-дәрі экспорттаған, ал 2021 жылы ешқандай тасымалдау болмаған. 2022 жылы Қазақстан Франциядан құны 381,2 мың доллар болатын 17,8 тонна оқ дәріні импорттады. Қазақстан билігі француз оғын Ресейге реэкспорт жасады деп айтуға негіз бар. Бұған қоса, Қазақстан 2022 жылы телескоп нысанасы, арнайы мақсатта қолданылатын лазерлер, радиолокациялық, радионавигациялық және қашықтан басқарылатын радиоаппаратура, беренді техникада қолданылатын мойынтіректер, жартылай өткізгіш құралдар экспорттаған» деп жазды есептен үзінді келтірген қор жетекшісі Людмила Козловская Facebook-тегі #БелсенділерЭкстремистЕмес тобының парақшасында.

Есепте бұған қоса, Қазақстаннан Ресейге электроника экспорты ұлғайғаны айтылып, еуропалық ұйымдардың деректеріне сілтеме жасалады. Одан бөлек, жоғарыда айтылған тұжырымдарға мысал келтіріледі.

Бұған дейін Қазақстан билігі Ресейге санкцияны айналып өтуіне көмектеспейтінін және санкцияға ілінген тауарлардың экспортын қадағалайтынын бірнеше рет мәлімдеген.

«Алайда Қазақстанның сыртқы саудасына негізделген мәліметтер Қазақстан билігі Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесіп отырғаны жөнінде ірі көлемдегі масқара фактілерді көрсетеді» деп жазады есеп авторлары. Олар тауар түрлері «кеден арқылы тасымалданып жатқанын» алға тартып, бұл «билік мақұлдауымен жүзеге асып жатыр» деп тұжырым жасайды.

Қор өкілдері Қазақстан билігі «жанама санкцияға ілінбес үшін түрлі қитұрқы амалға барғанын», мысалы, «Солтүстік Қазақстандағы сепаратистер» сияқты хабарларды тарату арқылы өзін «Ресей басқыншылығының құрбаны» ретінде көрсетіп отырғанын айтады.

Есеп авторлары «Қазақстан мұнымен шектелмей, өз аумағын Ресейге қару-жарағын сынақтан өткізуге мүмкіндік беріп отыр» деп те айыптайды. Қор өкілдерінің жазуынша, биыл ақпанда Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан, Беларусь, Тәжікстан арасындағы әскери одақ – ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан билігі атынан Ресейге «геосаяси жағдай ушығып бара жатқанына» байланысты одаққа мүше елдермен қару-жарақты бірігіп өндіріп, жөндеу туралы ұсыныс айтқан. Ал наурызда Тасмағамбетов Батыстың Украинаға көмек беруін сынап, Батыс елдерін «бейбіт келіссөзге кедергі жасап отыр» деп айыптаған.

Есеп авторлары экспорттық шектеулер тиімсіз деп, Қазақстан мен Өзбекстан билігі өкілдеріне санкция енгізуге үндеген.

Қор есебі Ұлыбританияның санкция бойынша басқарма жетекшісі Дэвид Рид, АҚШ қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг және АҚШ сауда министрінің көмекшісі Мэттью Аксельродтың Қазақстанға сапары тұсында жарияланды. Бұған дейін Батыс елдері санкция салынған тауар Ресейге Қазақстан арқылы жеткізіліп жатқанына алаңдаушылық білдірген.

Қазақстан билігі Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесіп отырғанын жоққа шығарып келеді. 26 сәуірде Қазақстан ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Қазақстан соғысқа көмектеспейді» деп мәлімдеп, Қазақстанның Ресейге санкциялық тауарларды тасымалдауы ресми түрде расталмағанын айтты.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко наурызда «Қазақстан санкцияны өз аумағы арқылы айналып өтуге жол бермейді. Қазақстанға Батыс елдері жағынан бұл мәселе бойынша шағым түскен жоқ» деп мәлімдеген еді. Қазақстаннан Ресейге көп электроника тауары экспортталып жатқанын көрсететін статистика туралы сұраққа Василенко мұны «тауар тасымалы тізбегі бұзылғаннан» деп түсіндірген.

2023 жылғы наурызда Bloomberg агенттігі Қазақстан 2022 жылы Ресейге құны 3,7 миллион доллар тұратын микрочиптер мен жартылай өткізгіштер сатқанын анықтаған. Бұрын мұндай тауар айналымы 12 мың доллардан аспаған. Қазан айында Bloomberg Еуропа одағынан Қазақстанға экспортталатын сүтсауғыш 633 пайыз көбейгенін айтқан.

2022 жылы тамызда Қазақстан Еуропадан 21,4 миллион долларға мұздатқыш сатып алған. Бұл бұрынғы кезеңдегіден үш есе көп. Қазақстан үкіметінің мәліметтері де мұздатқыш, кіржуғыш, сүтсауғыштар Ресейге көптеп кетіп жатқанын көрсеткен.

Источник

Exit mobile version