Site icon KAZAKBOL

Астана тұрғыны Атырауда балаларын интернатқа өткізіп жатқан анаға үй ұсынды

Атырауда жесір қалған алты баланың анасы әлеуметтік жағдайының тым нашарлығынан үш баласын интернатқа еріксіз өткізгендігін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Тұрақты жұмысы жоқ әйелдің басында баспанасы да жоқ. Жергілікті биліктен қайыр болмағандықтан ол амалсыз халықтан көмек сұрады деп жазады sn.kz.

БАҚ өкілдері және әлеуметтік желілер арқылы тез тараған осынау жаңалықтан кейін Сандуғаш Ізбасоваға қол ұшын созамын деушілердің саны күрт артыпты. Солардың бірі — астаналық Қайрат Әмір есімді азамат.

Ол Сандуғаш пен оның балаларына Алматы облысы Жетіген ауылындағы үйін тегін беруге дайын екенін айтып отыр. Тек бір ғана талабы бар: интернаттағы балаларын алып, Алматы облысына түбегейлі көшіп келу.

Дегенмен, көпбалалы анаға хабарласқанымызда ол өзге өңірге көшіп бара алмайтынын жеткізді.

«Әрине, мұндай жандардың табылып жатқанына Құдайға шүкір деймін, алғысым шексіз ол азаматқа. Алайда, ол жақта бірде-бір танысым жоқ, ағайын-туыстың бәрі Атырауда. Қолдағы балаларым әлі тым кішкентай, дәл қазір олармен Алматыға көшіп баруым екіталай болып тұр», — деді Сандуғаш Ізбасова телефонмен берген сұхбатында.

Көпбалалы ананың айтуынша, оған көмектесемін деушілер таңертеңнен бері көптеп хабарласып жатыр екен.

«Жергілікті тұрғындар кішкентайларға деп тамақ пен киім алып келіп жатыр» дейді ол. Ал, Атырау әкімдігіндегілер сол күйі жым-жырт.


Exit mobile version