Site icon KAZAKBOL

Астанада әйелдер құқығына арналған митингіге 200-ден астам адам жиналды (видео)

12 наурызда астанада әйелдер құқығына арналған рұқсат етілген митинг өтті. Оған шамамен 200 шақты адам жиналды.

Митингіде Қазақстанда әйелдер құқығы қажетті дәрежеде қорғалмайтыны, тұрмыстық зорлық-зомбылық көп екені, жалғыз басты аналардың мемлекет қамқорына зәру екені айтылды.

«Бұл алғашқы рұқсат етілген митинг. Билік әйтеуір шараны өткізуге рұқсат берді. Көбі менен «бұл не үшін керек?», «сенің құқығың тапталып жатыр ма?» деп сұрайды. Қоғамда әйелдердің құқықтары сақталмайды. Жұмыс орындарда әйелдерге қатысты орынсыз қалжың-әзілдер көп. Харассмент бар. Айналадағылар маған қалай жүру керектігін, қалай киіну керектігін «үйретеді». Сол үшін әйелдер құқығын сақтауды талап етіп келдім. Тұрмыстық зорлық-зомбылық азайсын» деді митингіге келгендердің бірі Азаттыққа.

Жиналғандардың қолында «Әйелдің орны саясатта», «Мен аузымды жаппаймын», «Үндемеген үйдей пәледен құтылмайды, әділетсіздік туындатады», «Билікте әйел болғанда, қаңтар оқиғасы болмас еді» және тағы басқа жазу бар плакаттар болды.

БҰҰ мәліметіне сүйенген спикерлер жыл сайын Қазақстанда шамамен 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болатынын еске салды. 12 наурызда митингіге жиналғандар тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес заңын жетілдіру қажеттігін айтты. Себебі бұл заң бойынша отбасындағы ұру, күш көрсету фактілерін Қылмыстық кодекс емес, Әкімшілік кодекспен жазалау қарастырылған.

Астанада әйелдер құқығына арналған митинг өтіп жатқан тұста Алматыда 20 шақты адам антифеминистік шараға жиналып, отбасы құндылықтарын насихаттау қажеттігін алға тартып, «батыстың кері әсері» туралы айтқан. Vlast сайтының жазуынша, митингіні тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес туралы заңға, коронавирус вакцинасын егуге қарсы шығып жүрген консервативтік топтар ұйымдастырған.

Жуырда халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігін тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін қадам жасауға шақырған.

9 наурыз күнгі мәлімдемесінде халықаралық ұйым елде жыл сайын жүздеген әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегіп, мүмкіндіктері шектеулі дағдарыс орталықтарын паналауға мәжбүр болатынын жазған.

Exit mobile version