Site icon KAZAKBOL

Астанада полиция ресейлік белсенді Павловты ұстап, қайта босатқан. Ресейде оның үстінен іс қозғалған

5 шілдеде Астанада полиция ресейлік 39 жастағы белсенді Андрей Павловты ұстап, бүгін 6 шілдеде қайта босатқан. Бұл туралы Қазақстандағы ресейліктерге қолдау көрсететін «Точка невозврата» жобасы хабарлады.

Ресейде Павловтың үстінен «Ресей әскерінің беделін түсіру» бабымен қылмыстық іс қозғалып, іздеу жарияланған.

Осыған дейін Астана полиция департаменті Ресейдің «халықаралық іздеудегі» азаматы ұсталғанын хабарлаған еді.

Құқық қорғаушылардың ақпаратында Павлов Астанадағы уақытша тергеу изоляторында саяси босқын мәртебесін сұрап, өтініш жазған. Белсенді Қазақстанға былтыр желтоқсанда келген еді.

2022 жылы наурызда Ресей соты Павловты сырт киіміне Украина туы мен «Путин stop war» жазуын ілгені үшін «ел әскерінің беделін түсірді» деген айыппен 40 мың рубль (191 мың теңге) айыппұл салған.

Ал былтыр тамызда Ресей Павловтың үстінен қылмыстық іс қозғаған. Белсенді «ВКонтакте» желісінде Украинадағы соғыс жайлы жазғаны үшін, шілдеде «Нет войне! No war! Ні війні!» плакатымен бір адамдық пикет өткізгені үшін айыпталып отыр. Павловтың ісі желтоқсанда сотқа тапсырылып, биыл наурызда ол сырттай қамауға алынған.

«Точка невозврата» Павловтың екінші топ мүгедегі екенін, Қазақстан оны Ресейге берсе, белсенді қамалып, сотқа тартылатынын айтады.

Былтыр қыркүйекте Қазақстан билігі Мәскеу халықаралық іздеу жарияланған ресейліктерді Ресейге беретінін мәлімдеген еді. Бұған дейін Қазақстанда буратиялық журналист Евгения Балтатарова мен анарзист Денис Козак ұсталған. Қазақстан полициясы Балтатарованы босатып, оның уақытша тұру құжатын созбай қойған, ал Козак Қазақстандағы тергеу изоляторында қамауда отыр.

Бұдан бөлек Астана Кремль мобилизация жариялаған соң Қазақстанға қашқан Ресей федералдық күзет қызметінің майоры Михаил Жилинді еліне экстрадициялап жіберген.

Источник

Exit mobile version