Site icon KAZAKBOL

Астаналық алаяқтың кесірінен 20 жұптың үйлену тойы болмай қалды

20 адамды алдап-соққан мейрамхана. Кадр КТК арнасы

Жас отбасылар елордадағы мейрамханалардың бірінің әкімшісіне алданып қалған. Яғни, банкет залына жауапты қызметкер той иелеріне үлкен жеңілдік болады деп сендіріп, алдын ала толық төлем жасатыпты. Ал бар ақшаларын алаяққа санап берген тұрғындар  тойсыз қалды деп хабарлайды КТК арнасы.

Бұл мейрамханада мерекелік шара өткізу құны адам басына 10 мың теңгеден асады екен. Алайда мейрамхана әкімшісі бұдан әлдеқайда төмен баға айтып, клиенттерін алдап соққан.

Әкімшінің сөзіне сеніп, сан соғып қалғандардың бірі – Қали Әубәкіров. Ол үйлену тойын қыркүйекке белгілеп, мақтаулы мейрамханаға алдын ала тапсырыс береді. Аз уақыт өткен соң Сәбит есімді әкімшісі хабарласып: «егер тойдың ақысын толық төлесеңіз, адам басына тағы мың теңге жеңілдік жасаймыз» деп сендіреді. Той иелері алаяқ әкімшінің жазған хаттарын да сақтап жүр.

«Ең басты кепілдік ол – құжаттар болатын. Атап айтқанда келісім шарт, қаржы төлегені үшін чектер. Соны қолымызға берді. Қолымызда олардың мөрі де, қолдары бар», — дейді Астана қаласының тұрғыны Қали Әубәкіров.

Яғни, Қали мейрамхана әкімшісінің қолына бір миллион 50 мың теңгені бірден санап берген. Ол бұл қаржының жартысын жылдар бойы жинаған, ал бір бөлігін банктен несиеге алған екен.

Ал екі ай уақыт өткен соң, мейрамхана басшылары Қалидің тойы туралы мүлдем бейхабар болып шыққан. Яғни, әкімші клинеттерден алдын ала алған ақшасын мейрамхана кассасына салмапты. Алданған Астана тұрғыны мейрамхананың қожайындары да жауапқа тартылуы тиіс дейді.


Қали Әубәкіров. Кадр КТК арнасы

«Ондай үлкен соманы және көп адамды алдау бір адамның қолынан келе бермейді деп ойлаймын. Неге осы мекеменің әкімшілігі немқұрайлықпен қарайды? Ол олардың қызметкері. Олар жауап беруі керек. Қандай да бір заңға қайшы әрекет жасаса, менің ойымша, басшысы жауап беру керек», — дейді Астана қаласының тұрғыны Қали Әубәкіров.

Атышулы мейрамхананың директоры жұмыс орнында болмады. Қызметкерлер сұхбат беруден мүлдем бас тартты. Ал той иелерінің аузын айға қаратып кеткен 31 жастағы әкімші қазір қамауда отыр.

«Жиырма шақты арыз келіп түсті. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 15 миллионнан астам. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдікті қазіргі таңда қамауға алынған. Айыбы дәлелденсе, осы баптың санкциясы жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады», — дейді Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы София Қылышбекова.

Exit mobile version