Site icon KAZAKBOL

Қасымов Денис Тен өліміне қатысты алғаш рет пікір білдірді

Қалмұханбет Қасымов

Қазақстанның ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың марқұм спортшы Денис Теннің өліміне қатысты күдіктілердің қалай ұсталғанын айтты. Бұл туралы inform.kz сайты хабарлады.

«Алматыдағы жағдайды қалыпқа келтіру үшін барынша жағдай жасалып жатыр. Полиция оқиға орнына дер кезінде шыққан. Мен бұл жерде қылмысты қалай ашқанымыз туралы айтып отырмын. Қылмыс сағат 14:56-да болса, кешкі сағат 23:30-те күдіктілердің бірін ұстадық» деді министр Ресей ішкі істер министрлігі өкілдерімен өткен брифинг барысында.

Қасымовтың айтуынша, бірінші күдікті арқылы полиция екіншісін ұстаған. Үшінші күдікті Жанар Толыбаева қаладан көшіп кетпек болғандықтан оны ұстау қиындық туғызған. Сол үшін Ақсай ауданында ұлттық гвардия арнайы операция ұйымдастырған. Қазір күдіктілерден жауап алынып, сараптамалар жасалып жатыр.

Спортшы өлімінен 20 күн өткен соң қылмысқа қатысты алғаш рет пікір білдірген министр үш күдіктінің де Алматыға басқа аймақтардан келгенін айтты.

«Екеуі — Жамбыл, ал тағы бірі — Қызылорда облысынан келген. Үшінші күдікті әйел Алматыға даяшы болып жұмыс істемек болған. Ұсталған екі жігіт көліктердің айнасын ұрлаумен айналысқан» деді Қасымов.

Жиын барысында министр Денис Теннің отбасымен кездескенін айтты.

19 шілдеде Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан. Спортшы қала орталығында көлігінің жанында әлдекімдер салған пышақ жарақатынан ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болған.

Денис Теннің қазасына күдікті ретінде 23 жастағы Арман Құдайбергенов пен 1994 жылы туған Нұралы Қиясов ұсталғаны белгілі болған.

Спортшының қазасынан кейін қазақстандықтар министр Қасымовтың отставкаға кетуін талап еткен.

centralasian.org

Exit mobile version