20 мамырда Атырау трассасында көлік апаты болып, Өзбекстанның 4 азаматы қаза болды. Бұл жөнінде Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сүйенген ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
«20 мамырда Доссор-Құлсары-Бейнеу бағытындағы трассаның 133-шақырымында Toyota Ipsum және КамАЗ көліктері соқтығысқан. Нәтижесінде Toyota көлігі өртеніп, жүргізуші мен үш жолаушы қаза болған» деп жазылған сенбі күні тараған хабарламада.
Ақпаратқа қарағанда, түрлі дәрежеде жарақат алған екі жолаушы ауруханаға жеткізілген. Тергеу амалдары басталған.
Ведомствоның хабарлауынша, қаза болған азаматтардың аты-жөні анықталып жатыр. Министрлік әзірге олардың Өзбекстан азаматтары екені белгілі екенін айтады. Toyota көлігінің жүргізушісіне жыл басынан бері 10 хаттама толтырылған: 8-і жылдамдықты асыру және екеуі қауіпсіздік белдігін тақпаумен байланысты.
Қазақстанда көлік апаты жиі болады. Қазақстан ІІМ мәліметінше, 2022 жылы елде 13 930 көлік апаты болған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6 пайызға көп. Былтыр көлік апатынан 2 425 адам қайтыс болған, 19 135 адам жараланған.