Site icon KAZAKBOL

Ауқатты алматылықтар мысығына жеке көлік пен күтуші әйел жалдап жатыр

Көрнекі сурет. Фото: majorno.ru

Балалар мен қарттарға күтуші жалдау ешкімді таң қалдырмасы анық. Ал мысық пен итке күтуші жалдап, олар үшін арнайы айлық төлейтіндер жайлы естігеніңіз бар ма? NUR.KZ  тілшісі алматылық мысық күтушімен тілдесіп, бұл жұмыстың қыр-сырын сұраған еді. Есімін атамауды өтінген келіншек мысықты қалай бағатынын айтып берді.

Көрнекі сурет. Фото: vk.com

– Мысық күтуші болып жұмыс істеп жүргеніңізге қанша уақыт болды, жалпы бұл жұмысқа қалай келгеніңіз туралы тарқатып айтып берсеңіз? 

– Мен бала күнімнен мысықты жақсы көретінмін. Оның үстіне Алматыда туып, орысша білім алған мен үшін мысық бағу хобби болатын. Мұны айтып жатқан себебім, көбіне қазақтар мысықты тышқан аулау үшін ғана ұстаймыз ғой. Өз басым мысығымды ешқашан тышқан аулау үшін ұстаған емеспін. Ақша табу да ойымда болған емес. Бұл жұмысқа мен аяқ астынан тап болдым. Мысық бағу тек оның тамағын беріп, қыдыртумен шектелмейді. Әрине, мысыққа әуестенбейтін адамдар үшін бұл бір түрлі көрінуі мүмкін. Бірақ, мысық та бала сияқты.

Ай сайын дәрігерге апарып тексертіп тұрамын, қажетті екпелерін салғызамын, шомылдырамын, үстін кептіремін, жүндерін тараймын, арнайы жануарлар шаштаразына апарамын. Олай қарамасаң биттеп, түрлі аурулар жұқтыруы мүмкін. Сосын мысықтарды қорғайтын арнайы ұйым бар соған барып тұратынмын. Міне, сол жерден осы жұмысты таптым. Көбіне онда өзге ұлт өкілдері барады. Мен тұрмыс құрып, үйде отырған соң, ішім пысқан кездерде барып тұратынмын. Сол ұйымның басшысы маған осындай жұмыс бар, айлығы да жаман емес, өзі де тыныш деген соң, мысық бағуға кірісіп кеттім.

– Қазір қанша мысық бағып  жүрсіз, жұмыс уақытыңызды қалай реттейсіз?

– Айтсам сенбессіз, бір ғана мысық бағамын. Аты «Агги», иесі әйел адам. Өзі жақсы жерде қызмет атқарады. Аггидің жеке жүргізушісі бар. Оны күн сайын таңертең жүргізушісі үйіме әкеліп тастап, кешке алып кетеді.

Менің мысығыммен бірге ойнап жүреді, арасында таза ауаға шығарып, тамақтарын беріп тұрамын, қалған уақыттың бәрі өз жұмыстарыммен айналысамын.

– Айлығыңыз қанша?

– Күніне 7 мың теңге төлейді, сенбі-жексенбі күндері ғана әкелмейді. Оның үстіне менің мысығым «Миккиді» өз мысықтарымен шағылыстыру үшін ақша төлеп алып кететіндер бар. Миккидің өзі ай сайын 30-40 мың теңгедей табыс табады. Осылай мысығым екеуміз айына екі жүз мыңдай ақша аламыз.

Көрнекі сурет. Фото: majorno.ru

– Сіз сияқты мысық күтушісі болып жұмыс істейтіндер көп пе?

– Көп деп айта алмаймын. Оның үстіне мұндай жұмысты істеушілер ол туралы айта бермейді. Себебі, мұны естіп алғандар мысық асырап, оның бабын таба алмай, соңында талай мысықтарды қаңғытып жіберген оқиғалар болған. Бір қарағанда оңай табыс сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, мысығын табыстаушылар сізге әкеп тастап кете бермейді. Кейде үйіне барып қарауға тура келеді. Оның үстіне оның мысығымен ойнайтын, сенің мысығыңның болғаны да дұрыс. Арнайы тамағын сатып аласың, үстін тарайсың, күтіп-баптайсың. Мұндаймен көбіне өзге ұлт өкілдері айналысады. Оның үстіне Қазақстанда үй жануарларына шетелдегідей ерекше күтім жасалмайды, әрине, халықтың менталитеті де оған сай келмейді. Шетелдерде үй жануарлары мен қожайындарына арналған демалыс орындары жетерлік. Бізде олар мүлдем жоқ деуге болады.

– Көбіне жануарларына күтуші жалдайтындар өзге ұлт өкілдерінен шығар, әлде қазақтар да бар ма?

– Неге болмасын, қазақтар бар. Көбіне өзге ұлт өкілдері немесе шетелдіктер екені рас. Арасында қазақтарды да кездестіруге болатын шығар. Мен күтуші болған бірінші мысық осы «Агги». Сөз соңында тағы бір ескертетіні мұны сайттарыңыздан оқыған соң, мысық бағамын дейтін жандар болса, жақсылап ойлансын дер едім.

Exit mobile version