Site icon KAZAKBOL

АУДАРЫМДАРДАН АҚША АЛЫНА МА?

Онлайн жедел ақша аударымдарын мемлекет енді бақылауға алады екен деп шу ете түсті жұрт осы аптада.  Мәжіліс депутаты Азат Перуашевте Қаржы министрлігіне қабақ шыта сөйлеп, отқа май құя түскен. Әңгіменің әлқиссасы мынау. Әуелі Қаржы вице-министрі Шолпанқұлов мырза кез келген айналымдағы ақшаға салық салынуы тиіс, ол аударымдарға да қатысты деген тұғын. Сол-ақ екен баспасөз құралдары бұл мәлімдемені іліп әкетіп, салықшылардың жоспарын сан-саққа жүгіртті. Тіпті осы күні ел төлем құралы етіп алған каспий голдтағы аударымдардың барлығы тексеріліп, салық салынады екен деп гуілдесіп жатты. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Ал кейбір экономистер мемлекет тағы сол халықтың азын-аулақ ақшасына қол салып, бүйджеттің бүйірін толтырып қалмаққа талпынып жатыр деген сыңайда пікір айтса, енді бірі көлеңкедегі қаражатты күнгейге шығарудың қамы десті. Азат Перуашевтің өзі Қаржы министріне қарата  — табысын жасыратындарды қара халықтан емес, шылқыған байлардың арасынан іздеңдер деп дөң мәлімдеме жасап еді. Сонымен бұл не жағдай? Расымен қаржы министрлігі біз-бен сіз жасап жүрген онлайн аударымдарға ауыз салмақ па? Әлде салықшылардың бір білгені бар ма? Сюжет қарайық.

Осы күні қолма қол ақшаны ұмыта бастадық. Картадан картаға аудара саламыз. Енді оны былай визуалды түрде елестетейікші. Мәселен мен мына картадан ана картаға ақша аудардым. Оны салық органдары тексеріп, қажет десең салық салады екен деп ойлап жүр жұрт. Әуел баста салық төлеуші ретінде бәріміз де солай түсіндік. Расымен солай ма?
Әлгі теңіздің атымен аталатын банк бар емес пе, соның қосымшасын ұялы телефонға жүктеп алып ақша аударып жүре беретін әрқайсымызға қатысты екен деп шу ете қалмай ма жұрт. Бұл билік өңгесін қойып, енді электронды жедел аударымдарға ауыз салды ма деушілер де табылып жатты.

 

Дейтұрғанымен

Қаржы министрлігінен сұрап көрдік.

ЗАҢҒАР ШЫҢДАЛИ ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ, ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Жеке тұлғалардың аударымдарына аударымдарына салық салу жоспарланып отырған жоқ. Жеке тұлғалардың тексерісі  туралы олардың аударымдары туралы тексеріс болмайды және алаңдаудың қажеті жоқ бұл жерде».

Демек жеке тұлғалар немесе жалпақ жұрттың алаңдауға еш негізі жоқ. Түйгеніміз осы. Ал қаржы министрлігі сонда қандай тетікті қарастырып жатыр? Оның көздегені не?

ЗАҢҒАР ШЫҢДАЛИ ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ, ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Кәсіпкерлер жедел аударымды қолданатын кезде заң алдында, заңнамаға сәйкес чек беруі керек. өзінің салықтық есептігін көрсетуі керек.  Біз бірнеше банктермен жұмыс атқарып келе жатырық. Кәсіпкерлерге ыңғайлы бір инструмент болатындай. Мысалы бақылау кассалық машина және пост терминал екеуін біріктіріп, соның ішіне қосымша салық төлеушілерге, кәсіпкерлерге кейін есептілікті оңай түрде тапсыру, ыңғайлы болуы үшін сондай жоспар құрып келе жатырық».

Демек бұл жоспардың төркіні аударымдағы ақша айналымына мониторинг жасау. Ол жеке тұлғалар емес, кәсіп иелеріне қатысты болмақ. Мақсат қаражаттардың көлеңкеде қалып қоюын болдырмау.
Бизнес өкілдері де көлеңкеде қалуы мүмкін ақша ағынын бақылау дегенге сенбейді. Алыс-жақын шетелмен жүк тасымалын  жүргізетін кәсіпкер бүкіл еуропа бизнесмендері  телефондағы қосымша арқылы аударым жасайды дейді. Оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ. Қаражат фискалдық органдарды сырт айналып кетпей ме сонда?  деп сұрадық.

БАУЫРЖАН СҮЛЕЙМЕНОВ КӘСІПКЕР: «Абсурд! Ақшаны аударғанда банк қайда қарайды. Банк жаңағы ақшаны аударған кезде валюталық тексерімдер жасайды. Ақшаны төлеген кезде қайда түсетіні және маңыздылығы көрсетіліп тұрады. Сіз не үшін төлеп жатырсыз бұл ақшаны».

Кәсіпкерлерді желеп жебеуші депутат Азат Перуашев те көлеңкедегі қаражатты аударымнан іздеу дұрыс емес дейді.

АЗАТ ПЕРУАШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ  АУДАРМА: «Қарапайым тұрғындардың арасында миллиондап ақша аударып жатқан өте аз. Бір пайызға жетер жетпес. Сондықтан, ат төбеліндей қалталы азаматтар үшін өз нанын өзі тауып жеп жүрген қарапайым жұрттың мазасын алудың қажеті қанша. Онсыз да несиеге батып жүр. Ендеше, қаржысын көлеңкелі жолмен жымқырып жатқандарды қараша халық арасынан емес басқа жолмен іздеңіздер».

Азат Перуашев бүкіл ел байлығының игілігін халықтың 1пайызы ғана көріп отыр, солардан іздеңдер дейді.Айтуынша мониторинг не басқа да тексеру шаралары миллиардтап шетелге ақша шығаратындарға жасалуы тиіс. Экономист Жангелді Шымшықов болса бұл жайды тіпті басқаша жорып отыр. Айтуынша бюджетте ақша жоқ. Мемлекет әлеуметтік көмекке көп қаражат жұмсап қойыпты-мыс. Енді бюджеттегі олқылықты толтыру үшін қосымша салық салатын тетіктер қажет. Мынау соның амалы дейді. Ол үшін прогрессивті салық жүйесіне көшуді ұсынып отыр. Бұрын болған. Яғни адамның табысы өскен сайын, салық арта түседі.

ЖАНГЕЛДІ ШЫМШЫҚОВ ЭКОНОМИСТ: «100 мың болсын. 100 мыңнан сіз 10 пайыз төлейсіз. Ал енді 110 болған кезде, 100 мыңнан асқанда 11 пайыз төлейсіз. 150 болғанда 12 пайыз төлейсіз. Сөйтіп табыс өскен сайын сізге салынатын салық ұлғая береді.   Бұл халықтың қалтасына түсу емес, алпауыттардың қалтасына түсу. Прогрессивті салық енгізілсе біз мәселені, қаржы мәселесін қара халықтың қалтасына түспей ақ шешуіміз әбден мүмкін. Кімнің есебінен? Жаңағы алпауыттардың есебінен».
Бұндай мәлімдеме еліміздің фискалшылары үшін ұнай қоймасы анық.

ОЛЖАС ОТАР ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ, ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН ЖҰМЫС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Егер мемлекеттің қазынасында қаражат жеткілікісіз болатын болса, шағын және орта бизнес өкілдеріне салықтық рақымшылық жасайтын ба едік?   биылғы жылғы салықтық рақымшылықта 130 млрдқа жуық қаражат кешірімге жатыр. Сонымен қатар алдағы 3 жылда шағын және орта бизнес өкілдеріне салықтан босату туралы мораторий жарияланды. Мемлекетте ақша жоқ екен, жоқ басқа жағдайда кез-келген жерден салық алғысы келеді деген ондай жалған пікірге бой алдыруға дұрыс емес».

Қаржы министрі Әлихакн Смаилов ешқандай да онлайн аударымдар тексерілмейтінін мәлімдеді. Бұл жоспар тек кәсіпкерлер үшін ғана салықтық есептілікті жеңілдетуге бағытталған деп отыр. Расымен солай ма, оны алдағы екі ай көлемінде көре жатармыз. 1 қаңтардан бастап пилоттық жоба іске қосылады.

Первый канал Евразия

Exit mobile version