Site icon KAZAKBOL

«Қазақ радиосының» қызметкерлері министр Абаевтан араша сұрады

Дәурен Абаев. Фото akorda.kz

«Қазақ радиосының» Алматы бюросында жұмыс істейтін 30 қызметкер жаңа құрылған ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың атына хат жолдады деп хабарлайды Азаттық.

Министрге жолданған хатта қызметкерлер «Қазақ радиосының» Алматы бюросының жабылуына наразы екені айтылған.

«Екі басшы және 14 журналистен тұратын «Алматы студиясына» дәл қазіргі уақытта жабылып қалу қаупі төніп тұр. 95 жылдық тарихы бар «Қазақ радиосының» «аптекаға» айналғанына үш жылдай уақыт өтті. Күнде «Қазақ радиосының» эфирінен берілетін жарнамалық хабарлардың эфирден алып отырған уақыты да ауқымды екенін айтпасқа болмайды. Күн сайын берілетін төрт бірдей хабар бір ғана дәрілік қоспаны (балдырды) насихаттайды», — делінген хатта жарнамалық хабардың тек Алматы студиясы есебінен берілетіні жазылған.

Жаңа құрылған министрліктен Қазақ радиосының Алматы бюросының жабылмауына араша сұраған қызметкерлер «Егер экономикалық қаржыны үнемдеу қажет болған болса, «Қазақ радиосын» айтпаған күннің өзінде, таза қазақ тілінде хабар тарататын ұлттық бағыттағы «Шалқар радиосын» Астанадан Алматыға қайта көшіру арқылы «Қаз Медиаға» ай сайын төленіп жатқан миллиондаған аренда ақысын үнемдеуге болмас па еді? Алматыдағы «Қазақ радиосының» Алматы студиясына өзінің жеке жиілігі бар «Алматы-радиосы» мәртебесін беріп, эфирдегі уақытының үлес- салмағын көбейтіп, оның базасы мен сапасын жақсартып, ел игілігіне қызмет етуін оңтайлы жолға қояр деп сенім артамыз!» деп аяқталған хат соңына 30 адам қол қойған.



Exit mobile version