Кадр: azattyq.org
Америкалық Крис Риз бен Габриэль Макгауйердің қазақшасы жаман емес. Екеуі Индиана университетіндегі тіл үйрететін көп курстың ішінен қазақ тілін таңдап алған. Габриельді әсіресе қазақ тіліндегі кірме сөздер қызықтырған.
«Қазақ тіліндегі ең қызық сөздер басқа тілден енген сөздер. Мысалы араб тілінен, ағылшын тілінен, моңғолшадан енген сөздер», — дейді ол.
Крис пен Габриель Қазақстан астанасында қазақша сөйлейтін адам таппай қалатынына қынжылады. Айтуларынша, қазақшаларын жетілдіріп, қазақша амандасса да, мұндағы жұрт орысша жауап қатуға әуес.
«Байқауымша жергілікті жұрт шетелдік көрсе, орысша сөйлеседі. Сондықтан әлдебіреумен қазақша амандаса қалсам, ол әдетке салып орысшалай жауап қатады. Ал ондай жауап маған қиынға түседі. Себебі орысшам нашар», — де йді Габриель.
Крис Риз Астанадан қарағанда, Ақтөбеде қазақша сөйлейтін халықтың көп екенін айтады.
«Жаз бойы мен Астанада ешкіммен қазақша сөйлескен жоқпын. Ақтөбеге барып келдім. Ол жақта қазақша көп естідім», — дейді ол.
Назарбаев университетінің түркология және қазақ тілі кафедрасының директоры Юли Шамилоглуның айтуынша, астаналықтардың қазақша сөйлеп кетуіне психологиялық кедергілер бар.
«Бұрынғы Кеңес одағының тұрғындарының бойында әлдебір психологиялық комплекс бар. Олар қазақ тілін үйренуді қиын көреді. Шетелдіктерге еш қиын емес», — дейді ғалым.