Site icon KAZAKBOL

Қазақстандағы 65 мың гектар жерді жалға алып отырған кімдер?

Жалға берілген жердің құнарлылығы 5-7 жылда бір рет тексеріліп тұрады.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды деп хабарлайды Астана арнасы.

Еуропа елдерінде ол 3-5 жылда бір тексеріледі екен. Ол жақта жауын-шашын жиі болады. Ал бізде климат құрғақ болғандықтан, топырақ қабатының тез өзгеруіне әсер етпейді. Сондықтан мамандар агрохимиялық тексеріске ақша шығындамай-ақ, 7 жылда бір рет тексерсек жеткілікті деп отыр.

«Ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері немесе шаруалар  жылына бір, тіпті екі рет зерттеу жүргіземін десе, өз еркі. Елімізде ондай тапсырысты қабылдайтын жекеменшік 24 зертхана бар. Біздің материалдық-техникалық базамыз жеткілікті. Әйтсе де жиі-жиі тексере берудің мәнісі жоқ деп есептейміз», — дейді  Республикалық ғылыми-методикалық агрохимиялық қызмет орталығының жетекшісі Ерболат Базылжанов.

Шетелдіктер бүгінде Қазақстан аумағындағы 65 мың гектар жерді жалға алып отыр. 10 мың гектардай алқап Ресейге, 7 мың гектары Кипрге, қалғаны АҚШ пен Германияға тиесілі.

Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің мәлімдеуінше, Қазақстанда әлі де 100 млн гектар жер игерілмей бос жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлері елімізде тоқсаныншы жылдардан бері жалға беріліп келеді. Тіпті кейбір жылдары жер телімдері 99 жылға дейін жалға берілген кезі де болған.

«1995 жылы 25 желтоқсанда заңды күші бар жарлық шықты. Жалға беру мәселесі 99 жылға дейін болды бізде. 99 жылға беру шет елдік, өзіміздің азаматымыз деп бөлінген жоқ. Жер кодексі 2003 жылы қабылданған кезде шет елдіктерге жалға беру 10 жылға дейін азайтылды», — деді  ҚР ҰЭМ құрылыс, ТҮКШ істері және жер ресурстарын басқару комитетінің басқарма басшысы Самат Сәрсенов.



Exit mobile version