Бағдарлама шеңберінде «Kia», «Chevrolet», «Skoda», «Hyundai» және т.б. автокөлік брендтерінің 60 моделі ұсынылады.
Жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасы аясында Ұлттық қордың 8 млрд теңге болатын үшінші траншы екінші деңгейлі банктерге аударылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан даму банкіне сілтеме жасап.
«Қазақстан даму банкі» АҚ Жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасы аясында Ұлттық қор қаражатының 8 млрд теңге болатын үшінші траншын екінші деңгейдегі бес банкке: Halyk Bank, Еуразиялық банк, «Ресей жинақ банкінің» Қазақстандағы еншілес банкіне және «ЦентрКредит» банкіне 1 млрд 875 млн теңгеден, ВТБ еншілес банкіне — 500 млн теңгеден аударды», — делінген «Қазақстан даму банкі» АҚ қоғаммен байланыс қызметінің хабарламасында.
Қоғаммен байланыс қызметінің хабарлауынша, банктің қазақстандықтарға елімізде шығарылатын жеңіл автокөлікті сатып алуға кредит берудің шарттары мынадай: сыйақының номиналдық мөлшерлемесі — жылына 4%-дан шамасында, кредит беру мерзімі — 7 жылдан аспайды, қарыз валютасы — теңге, бір дана жеңіл автокөліктің құны — 15 млн теңгеден аспауы керек. Бастапқы жарнаның мөлшерін коммерциялық банктер дербес белгілейді.
Бағдарлама шеңберінде қарыз алушыларға «Kia», «Chevrolet», «Skoda», «Hyundai» және т.б. автокөлік брендтерінің 60 моделі ұсынылады, олар «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС және «АЗИЯ АВТО» АҚ кәсіпорындарында құрастырылады.
Қазақстанда 2015 жылдың сәуірінде бастау алған Жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасы 20 жылға есептелген. Инфрақұрылымдық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінетін Ұлттық қор қаражаты бағдарламаны қаржыландыру көзі болып табылады.
Бұған дейін оны іске асыруға Ұлттық қордың жалпы сомасы 26 млрд теңге екі траншы жіберілген болатын, оларды екінші деңгейлі банктер толығымен игерген.
Жеңілдікпен автокредит беру қаражаты есебінен 10 мыңға жуық қазақстандық отандық өндірістің жаңа автокөліктерін сатып алған.