Өзбекстан латын әліпбиіне әлдеқашан көшіп алған.
Қазақстанның латын қарпіне көшуін өзбекстандық ғалымдар да қолдайды, — деп хабарлайдыХабар 24.
«Бұл бастама бауырлас түркі жұртының ғана емес, әлем халықтарының бірін-бірі жақынырақ танып білуіне негіз болады», – дейді мамандар.
Оған қоса оңтүстіктегі көршіміздің осы салада жинақтаған тәжірибесі мол. Өйткені Өзбекстан латын әліпбиіне әлдеқашан көшіп алған. Мұнда заңды бекітілген 29 әріп пен дыбыстық ерекшелігіне қарай бір таңба қолданылады. Қос әліпби қолданыста қатар жүреді. Дегенмен мектеп бағдарламасынан бастап барлық сала латын жазуына біртіндеп көшіп, көркем әдебиет де аударылып жатыр. Сол әліпбидің алғашқы негізін қалаған мамандардың бірі Бердақ Юсупов: «Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі — болашаққа жасалған айқын бағдар», — дейді. Оған қоса қаріптер заман талабына сай интернет жүйесіне негізделіп жасалғанын айтады. Яғни оны компьютерге теру кезінде де қиындықтар болмайды.
– Негізі, латын жазуына өту дүниежүзілік өркениетке, әлемдік коммуникациялық жүйеге шығуға мүмкіндік береді. Демек өзге дүниелермен араларыңыз жақындай түседі. Екіншіден, латын әліпбиі түркі халықтарын бір-біріне одан әрі жақындата түседі. Сондықтан мен қазақстандық қандастарымызды латын әліпбиіне өтуімен шын жүректен құттықтап, табыс тілеймін, — дейді тіл тарихы кафедрасының меңгерушісі Бердак Юсупов.
Фото: 24.kz