БҰҰ Бас ассамблеясы Ресейдің Украинадағы басқыншылығын тоқтатып, әскерін шығаруды талап ететін резолюцияны қабылдады.
Резолюцияны 141 ел қолдаса, 5 ел қарсы болды, 35 ел қалыс қалды. Қазақстан қалыс қалғандардың қатарында.
Қарсы болғандар – Ресей, Беларусь, Солтүстік Корея, Сирия және Эритерия.
Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Тәжікстан, Армения да қалыс қалды. Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан делегациясы дауыс бермеді.
Украина президенті Владимир Зеленский БҰҰ қарарына дауыс берген елдерге алғыс айтты. «Сіздер тарихтың дұрыс жағын таңдадыңыздар», -деп жазды Twitter желісіне.
Батыс елдері Мәскеудің Украинаға басып кіру әрекетіне қарсы қатаң санкциялар енгізіп жатыр. Бұл санкциялар Қазақстан экономикасына кері әсерін тигізіп жатыр.
24 ақпанда Ресей президенті Путинның бұйрығымен осы елдің әскерилері Украинаға басып кірген. Кремль мұны Украинаны «қарусыздандыру» және «ұлтшылдардан тазарту» үшін жасалған «арнайы операция» деп келеді. Ресей билігі бейбіт тұрғындарға оқ атпадық, тек әскери нысандарды ғана нысанаға алдық деген, бірақ қазірге дейін Киев, Харьков, Херсон және бірнеше қала шабуылға ұшырап, тұрғын үйлер қираған.
Украина тарабы 5840 ресейлік әскерилер опат болғанын мәлімдеді. Бірақ соғыс кезінде бұл деректерді тексеру өте қиын. Ресей жағы әскерилер арасында қаза болғандар барын бірнеше рет айтқанымен, нақты санын айтпай отыр.
БҰҰ Босқындар жөніндегі комиссарының баспасөз қызметі соғыс басталғалы Украинадан 835,928 адам босып кеткенін хабарлады.