Site icon KAZAKBOL

Бұхара евреилері белгілі әнші Юлдуз Усманованы антисемитизммен айыптады

Бұхарадан АҚШ-қа және Израильге көшіп барған еврей қауымының өкілдері өзбек әншісі Юлдуз Усманованың палестин-израиль қақтығысына байланысты пікірін сынға алды.

Қоғам өкілдері әнші Израиль халқынан кешірім сұрауы керек дейді. Азаттықтың өзбек қызметіне сұқбат бергендер Юлдуз Усманованы «халық әртісі» деген атағынан айыру керек деп біледі.

Өзбекстанның халық әртісі Юлдуз Усманова 13 мамырда Instagram парақшасына «Израиль елін басқыншы деп есептейтінін, оны мемлекет деп санамайтынын» жазған.

Әнші Палестина халқына көңіл айтып, қажет болса, «Палестина үшін соғысуға дайын» екенін жеткізген.

Израильдің Йехуд қаласында тұратын Алекс Бараев Facebook парақшасына әншіге осы елде концерт өткізуге бірнеше рет көмектесенін жазыпты.

«Сәлеметсіз бе, Юлдуз. Мені жақсы танисың. Сенің Израиль туралы айтқан сөздеріңді есту өте ауыр болды. Мен Израильде концерттеріңді өткізуге бірнеше рет көмектестім. Бұхара еврейлері сені өте жақсы қабылдайды. Сен Израиль халқынан кешірім сұрауың тиіс» – деген Бараев.

Дәл осындай сын пікірлерді Өзбекстаннан АҚШ-қа көшіп барған Бұхара еврейлері де білдірген. Олардың бірі «мен үшін енді Юлдуз Усманова деген әнші жоқ» деп жазған.

Алайда Өзбекстанның мәдениет министрлігінің өкілі Юлдуз Усманованың жеке пікірі Палестина мен Израиль қақтығысында Өзбекстан үкіметінің ұстанымын білдірмейді деді.

Таяуда Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі Шығыс Иерусалимдегі жағдайға байланысты алаңдайтынын жеткізген.

Таяу Шығыста жанжал 10 мамырдан бері жалғасып келеді. Дүйсенбі күні жүздеген палестиндік қайтыс болды. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторындағы әскери операция жалғаса береді деп мәлімдеді.

ХАМАС өкілдері де соғысуға дайын екенін жеткізді.

Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыс – 2014 жылдан бері келе жатқан ең ауыр жанжалдардың бірі.

Источник

Exit mobile version