Site icon KAZAKBOL

«Бұларды Украинаға окоп қазуға жіберу керек». Котельникиде тағы 100 тәжік мигранты ұсталды

23 мамырда кешке Мәскеу түбіндегі Котельники қаласының полиция бөліміне тағы 100-ге жуық тәжік мигрантын жеткізген.

Куәгерлердің хабарлауынша, мигранттар тәжікстандықтарға тиесілі «Дидор», «Рохат», «Әмина» және «33 Хауз» кафелерінде жүргізілген рейд барысында ұсталған. Екі күн бұрын арнайы жасақ Котельникиде 300-ден астам тәжікстандықты полиция бөліміне жеткізген.

Ұсталғандардың бірінің Азаттықтың Тәжік қызметіне (Озоди радиосы) хабарлауынша, арнайы жасақ мигранттарды кешкі сағат жетіден таңғы сағат жетіге дейін тұрғызып қойған. «Сол түні 30-ға жуық адам депортацияланды. Арнайы жасақтағылар дөрекілігімен көзге түсті. Олар бізді балағаттады, мазақтады, бәріңді Украинаға окоп қазуға жібереміз деп қорқытты», дейді еңбек мигранттарының бірі.

Ресей билігі Тәжікстан мигранттарына қарсы тексерулер мен арнайы жасақтық дөрекі әрекетін түсіндірмеді. Тәжікстанның Ресейдегі елшілігі де үнсіз отыр.

Осы аптада әлеуметтік желілерде Мәскеу облысы Котельники қаласында түсірілген видеолар тарады. Видеолардан арнайы жасақтан қашқан мигранттардың терезелерден секіріп жатқанын көруге болады. Жергілікті тұрғындар түсірген видеоларда арнайы жасақ әрекетін жақтап, мигранттарға қарсы сөздер айтқан.

Азаттық мәліметінше, мигранттарға қарсы акциялар Котельники тұрғындары президент Владимир Путинге хат жазғаннан кейін басталған. Жергілікті тұрғындар қала «тәжік анклавына» айналып барады деп қауіптенеді.

Қазір Котельники қаласындағы тәжік кафелерінде адам жоқтың қасы. Еңбек мигранттары көшеге шығуға қорқып отыр.

Источник

Exit mobile version