Қайдар Қошанов. Фото: skіfnews.kz
Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасында өткен баспасөз мәжілісінде айтылғандай, «Болашақ-Т» құрылыс компаниясының басшысы Қайдар Қошановтың үстінен қозғалған екінші қылмыстық істі тергеумен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының мамандары жүргізуде.
«Қошанов бұл іс бойынша күдіктілердің қатарында. Қазір ол Астанада үйқамақта отыр. Өткен аптада оған ІІД қызметкерлері барып, тергеп келді. Мұнда оны жол көлік оқиғасына қатысты қозғалған қылмыстық істің хаттамасымен таныстырып, қамауға алу және істі сотқа өткізу мәселесі шешілетін болады», — деді БҚО прокурорының орынбасары Александр Цуранков.
Еске салайық, Қайдар Қошанов биыл 29 наурызда өз көлігімен Оралдан шыға беріс жолда Lada Priora көлігімен соқтығысқан болатын. Салдарынан, екінші көлікте болған 63 жастағы зейнеткер әйел мен оның 22 жастағы немересі — жүргізуші қайтыс болған еді.