Бекболат Тілеухан. Фото: inform.kz
Мәжіліс депутаттарының жалақысының 30-50 пайызға өсуі кешелі бері қоғамда қызу талқыға түсті. Осы орайда saigez.kz порталы еңбекақыға қатысты депутаттардың пікірін білді деп хабарлайды NUR.KZ.
«Саяси қызметкерлер арасында жалақысы соңғы боп өскен осы депутаттар, Негізі бұл шешім осыдан 4 жыл бұрын қабылданып қойылған еді. Министрліктер мен өзге де ведомстволардағы жалақыны біртіндеп өсіремін дегенше 4 жыл өтіп кетті. Міне, енді біздің кезегіміз келді», – дейді Владимир Божко.
Оның айтуынша, саяси қызметкерлердің бәрі бірдей жалақы алуы тиіс. Ал біздің елде депутаттар саяси мемлекеттік қызметкерлер болып есептеледі.
Басқа да мәжіліс депутаттары жалақы төңірегінде қысқаша пікірлерін айтты.
«Депутаттар да мемлекеттік қызметкер. Халықтың мұңын айту керек. Олардың мойнына артқан жауапкершілік көп. Жауапкершілігіне орай өзінің еңбекақысын алу керек деп ойлаймын. Жалақысы көбейсе қуанбайтын адам бола ма?! Біз де пендеміз, біздің де бала-шағамыз бар, бізге де қажеттілік бар», — деді Бекболат Тілеухан.
Ольга Шишигина керісінше дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын көтеру керек екенін айтты.
«Бір жағынан өте қуанышты жаңалық. Екінші жағынан, жалақысын көтеруге болатын басқа да мұқтаж адамдар бар. Мәселен, дәрігерлер мен мұғалімдер», — дейді Олимпиада чемпионы.
Еске сала кетейік, бірінші наурыздан бастап еліміздегі депутаттардың жалақысы 30-50 пайыз аралығында көбейді.