Site icon KAZAKBOL

Белгілі журналист телеарнадағы былықты жайып салды

Бибігүл Дәулетбекқызы. Фото: Жұлдыздар құпиясы

Танымал журналист Бибігүл Дәулетбекқызы өзінің Facebook парақшасында қазақ телеарнасында болып жатқан жайттарды айтып, жанайқайын жеткізді.

Журналистің жазуынша, қазір көрермен қызығып қарайтын хабар жоқтың қасы.

«Неге эфирдің жүргізушілерін қадағаламайды? Неге эфирде жеңіл жүрістілер қаптап барады? Оларды көрген жас көрермендер еліктейді ғой. «Ана апайымыз екі рет күйеуге шығыпты, мына жүргізуші тоқалы екен. Мынау болса күйеуінің көзіне шөп салып, ақыл айтуда. Менің одан қай жерім кем?» деген түйсік қалыптаспай ма?

«Рейтинг, рейтинг» деп, жастарымызды улап жатқан секілдіміз. Идеология жоқ. Баяғыда өліп қалған. Осындай даңғаза-шу бағдарламалардан гөрі, неге педофил, суицидтің алдын алу туралы көрермен қызығып қарайтын хабарлар ашпасқа?

Салмақты хабарымды шығарғым келген еді екі-үш жыл бұрын. Хабардағы Ринат Кертаев «Ай-хай, 25» ток-шоуымды, «Пай-пай, 25» етіп өзгертіп, айды аспанға шығарып, эфирден көрсететінін де былтыр осы Фейсбуктан білдім. Бірақ, басы біраз дауға қалды. Ол бағдарламаның авторы мен екенін әріптестерім жазды. Алайда, Ринат мырза менің нөміріме хабарласып:

— Бибігүл, келісімге келейік, өтініш?! Екеуміз қазір бет жыртысқаннан ештеңе өнбейді , — деп, мені кездесуге шақырды.

«Болары болып, бояуы сіңіп» кеткен хабарымды иемденгенін білгенімде, әрине қатты ызаландым. Жылап та алдым. Бірақ, Ринат 2016 жылғы бюджеттен ақша қарастырып, басқа бағдарламаларымды сатып алатынын айтқаннан соң, бітімге келдім. Алайда, кабинетінде қолын беріп, уәдесін айтқан Ринат Кертаев «еркектік» сөзінде тұрмады. Міне, бұл бір ғана мысал», — деген Бибігүл өзі секілді тауы шағылып жатқан қаншама журналист бар екен деп оқырманға сауал тастайды.

«Ринаттың ұяты білсін. Бұл дүниеде — атақ-мансап мәңгілік емес! Өмір — алма-кезек. Бүгін креслода ол отырса «қонжиып», ертең мен отырамын. Бүгінгі күнмен өмір сүрген телеарна басшыларының талайын көрдім. Қазір шіреніп отырады, ертең бүгіліп кетеді. Кеше ғана зәрін төгіп, қаһарланғандардың да, ертесіне мәймөңкелеп кететінін де уақыт көрсетті.

«Бибігүл айналайын, өсектің жетегінде кеттім, ағаңды кешір», — деген басшыларым да болды.

Мен кешірімдімін. Бірақ, идея ұрлаушылардың өмірі керемет болып кететініне сенімсізбін. Сол плагиатшыларға 2010 жылы шыққан Францияның «Без улик» деген фильмді көруге кеңес беремін. Бірақ ондағы кейіпкердің адамгершілігі бар, ұяты жібермей, талай жылдар бойы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Біздікілер секілді «бір күндікпен» өмір сүрмейді.

Эфирдің ластануына да осындай басшылар кінәлі. Олардың бастарында тек — рейтинг тұр. Авторлық құқығымыз баяғыда тапталған. Басында идеясы жоқ, плагиатпен жұмыс істейтін қазақ басшылары тұрғанда, осылай телеарналар құрдымға кете бермек…Бұл деградация!», — деп ашынды журналист.

Exit mobile version