Site icon KAZAKBOL

Бішкек Түркияның «ФЕТО-ның» Қырғызстандағы қызметін доғару «талабына» жауап қатты

Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі мемлекет басшысы әкімшілігі сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі Мұратбек Азымбакиевтің қырғыз президенті Садыр Жапаро пен Түркия ұлы ұлттық жиналыс төрағасы Мұстафа Шентоп кездесуіне қатысты мәлімдемесін таратты.

«Кездесуде түрік жағы «ФЕТО» ұйымының қызметі, соның ішінде Қырғызстандағы әрекеті туралы мәселе көтерді», — делінген мәлімдемеде. «Бұл мәселе Түркияның ішкі ісі екенін ескерген қырғыз жағы тақырыпты екі елдің құқық қорғау органдарының қатынасы аясында талқылау қажеттігін айтты».

Еске салайық, бұның алдында Түркияның Қырғызстандағы елшілігі қырғыз президенті Садыр Жапаровпен, қырғыз парламентінің спикері Талант Мамытовпен кездескен Мұстафа Шентоп «ФЕТО» туралы әңгімелеп, оның қызметі «барлық елдердің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретінін» айтты деп хабарлаған. «Шентоп Жапаровпен кездесуде «ФЕТО» қызметі дамыған елдермен Түркияның қатынасы бұзылғанын, Қырғызстан да осы ұйымның қызметін өз аумағында тоқтатуы тиіс екенін айтты», — делінген елшілік таратқан хабарламада.

Еске салайық, Түркия парламентінің төрағасы Мұстафа Шентоп 23-24 маусымда Қырғызстанда болып, Түркі тілдес елдердің парламенттік ассамблеясының жалпы отырысына қатысқан.

Түркия билігі АҚШ-та тұратын дін насихаттаушы Фетхуллах Гүлен мен оның «Хизмет» қозғалысын 2016 жылы елде мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынды деп айыптап отыр. Түркия ұйымды «ФЕТО» деп атап, оны террористік ұйым деп таныды, топтың мыңдаған мүшесін ұстады. Гүлен мен оның жақтастары ресми Анкараның айыптарын жоққа шығарып отыр.

Түркия Қырғызстандағы «Себат» білім беру мекемелері жүйесінің «ФЕТО-ға» қатысы бар деп есептейді. 2016 жылы Түркия Қырғызстанды осы мектептер желісін жабуға шақырды, алайда ресми Бішкек бұл талапты орындаудан бас тартты. 2017 жылы бұл желі жергілікті ұйым ретінде қайта тіркеліп, «Сапат» деп атала бастады.

Источник

Exit mobile version