Site icon KAZAKBOL

Бішкекте оқушыларды қатыстырған митингтен соң №1 гимназия ұстаздарының бәрі жұмыстан шығарылды

Бішкек қаласында №1 гимназия-интернат ұжымы толығымен жұмыстан шығарылды. Бұл туралы үкімет төрағасының орынбасары Еділ Байсалов GovoriTv телеарнасына хабарлады.

Шенеунік мұғалімдер жанжалына балаларды араластырмауы керек еді деп есептейді.

«Бүкіл ұжым жұмыстан шығарылды. Бұның алдында біз оларды басқа мектептерге бөліп тастағымыз келген, бірақ осы оқиғадан соң бәрін жұмыстан шығардық. Мектеп қалады, оларды басқа ұстаздар оқытады. Біз тиісті органдарға балаларды жанжалға араластырғандарды жауапқа тартуды тапсырдық», — дейді Байсалов.

Мәліметті Бішкек білім басқармасының басшысы Айнұр Арыстамбекова растады. Оның айтуынша, жұмыстан шығарылғандардың орнына басқа ұстаздар келді.

«Митингке дейін де мұғалімдердің бірқатары жұмыстан кету туралы арыз жазған. Пикетке шыққандар да жұмыстан шығарылды. Барлығы 40 шақты мұғалім жұмыстан кетті», — дейді Арыстамбекова.

Бішкектегі №1 гимназия-интернат мұғалімдері мен оқушыларының пикетінде түсірілген видео 17 сәуірде әлеуметтік желілерде тараған. Олар білім мекемесінің бұрынғы басшылығын қызметте қалдыруды талап еткен. 15 сәуірде гимназия ұжымы басшылыққа үндеу жолдап, білім басқармасы мектеп басшыларын қызметтен алып жатқанын жазған.

Бішкек әкімдігі гимназия қызметін тексерген мекемеаралық комиссия олқылықтар тапқанын мәлімдеген. Гимназиядағы жанжал 18 сәуірде үкімет жиналысында талқыланған.

Источник

Exit mobile version