29 маусымда Қырғызстан астанасындағы Үкімет үйі алдында елде ойынханаға рұқсат беруге қарсы адамдар наразылық акциясын ұйымдастырды.
Азаттық радиосы Қырғыз қызметі тілшісінің оқиға орнынан хабарлауынша, акцияға он шақты адам жиналды. Қоғамдағы тәртіпті милиция қызметкерлері бақылап тұр.
Бір апта бұрын дәл осыған ұқсас пикетті белсенділер «Ақ үй» алдында өткізген. Олар депутаттардан ойын мекемелеріне рұқсат беретін заң жобасын парламенттен өткізбеуін талап еткен. Қырғызстанда ойынханалардың ашылуына Ош қаласының тұрғындары да қарсы шықты.
Өткен аптада Жогорку Кенеш ойынхана қызметін заңдастыратын заң жобасын мақұлдады. 24 маусымда Бішкектің кейбір тұрғындары наразылық акциясына шығып, президент Садыр Жапаровтан құжатқа қол қоймауын сұрады.
Тұрғындар шетел азаматтары үшін ғана жұмыс істейтін ойынханаларда қырғыз азаматтары да ұтылып қала ма деп қауіптенеді.
2012 жылы Қырғызстанда құмар ойындарға тыйым салынған. Бұл жолы билік ел азаматтарын құмар ойындарға жібермеуге уәде беріп отыр.