Site icon KAZAKBOL

Дереккөз: Бердымұхамедов жиенін мемлекеттік банк төрағасының орынбасары қызметіне тағайындайды

Түркіменстан президенті Гурбангұлы Бердымұхамедов жиенін Мемлекеттік сыртқы экономикалық қызмет банкі төрағасының орынбасары қызметіне дайындап жүр.

Мемлекеттік банкке жақындығы бар дереккөздің Азатлыкқа хабарлауынша, 36 жастағы Шамұрат Режеповті жаңа қызметке тағайындау мәселесі «жоғарыда шешілген».

Президенттің немере інісі Шамұрат Режепов мемлекеттік банк төрағасының орынбасары қызметіне кіріседі. Жаңа тағайындау туралы ресми түрде жарияланбаса да, президент шешім қабылдап үлгерген.

Мемлекеттік банкте жаңа басшы орынбасарына кеңсе дайындап жатыр. Банк қызметкерлері «президенттің туысы оларды жұмыстан шығара ма деп алаңдайды», — дейді дереккөз.

«Шамұрат — президенттің ең сүйікті жиені. Оны осы қызметке тағайындағаны таңсық емес», — дейді үкіметтегі бір дереккөз.

Шамұрат Режепов — түркімен басшысынның үлкен әпкесі Дурдынабат Режепованың ұлы.

Тәуелсіз басылымдар мәліметінше, ағайынды Шамұрат пен Қажымұрат Режеповтер Түркіменстан химиялық өнеркәсібіне бақылау орнатқан.

Президент Гурбангұлы Бердымұхамедов бірнеше жыл бойы ұлы Сардарды билікке жетелеп келеді. Биыл ақпанда Сардар бірден үш қызметке тағайындалып, Түркіменстанда билігі жоғары екінші адамға айналып шыға келді.

Шамұрат Режепов мемлекеттік банк басшылығына келсе, президент отбасының Түркіменстан экономикасын бақылауда ұстауы одан сайын нығая түседі.

Источник

Exit mobile version