Site icon KAZAKBOL

Дереккөз: Абдуләзіз Камилов Өзбекстан сыртқы істер министрлігіне оралмауы мүмкін

Азаттық радиосы Өзбек қызметінің Өзбекстан үкіметіне жақын дереккөздерінің айтуынша, сыртқы істер министрі Абдуләзіз Камилов үкіметтегі қызметіне қайта оралмауы мүмкін.

Ташкенттегі дереккөздер 74 жастағы министр бұл қызметтен денсаулығына байланысты емес, Украинаға қатысты мәлімдемесі үшін кетуі мүмкін деп болжайды.

Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдуләзіз Камилов Сенаттың 17 наурыздағы жалпы отырысында республиканың Украинадағы жағдайға қатысты ұстанымын түсіндірді.

Өзбекстан «Украинаның тәуелсіздігін, дербестігін және аумақ тұтастығын мойындады», сонымен бірге Луганск және Донецк халық республикаларын мойындамайды, деп мәлімдеді министр.

Осының алдында ғана Камилов АҚШ-тағы сапардан оралған. «Озодликтің» сыртқы істер министрлігіне жақын дереккөздерінің айтуынша, министрдің бұл мәлімдемесі президент әкімшілігімен келісілген.

– Өзбекстанның Украинаға қатысты ұстанымы 2014 жылғы Қырым аннексиясынан кейінгі саясатымен мазмұндас, — дереккөз.

Алайда Ресей жағы Камиловтың бұл мәлімдемесін «ауыр» қабылдады, Кремль наразылығы Ташкенттегі «жанжалға себеп» болды. «Озодлик» дереккөзінің айтуынша, ізін ала Абдуләзіз Камилов қызметтен кету жөнінде өтініш жазуға мәжбүр болды.

Өзбекстан сыртқы істер министрінің аты-жөні аталғанын қаламаған бір қызметкері Абдуләзіз Камилов қызметтен кетті дегенді үзілді-кесілді жоққа шығарды. Дегенмен ол «министрді бір апта бұрын көргенін, ауру адамға ұқсамайтынын» атап өтті.

Камиловтың Сенаттағы мәлімдемесінен бір күннен кейін, 18 наурызда Өзбекстанның Украинаға жолдаған 2,5 тонна гуманитарлық жүгі Ташкентке қайтарылды. Дереккөздің айтуынша, гуманитарлық жүк Украинаға жеткені туралы ресми мәлімет әлі жарияланған жоқ.

Еске салайық, 29 наурызда Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Абдуләзіз Камилов он күн ауруханада жатқанын, одан соң шетелге емделуге кеткенін хабарлады.

74 жастағы Абдуләзіз Камилов Өзбекстан үкіметіндегі жасы үлкен шенеуніктердің бірі. Ол екі мәрте сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалған. Камилов осы қызметке 19 жылдан астам уақытын арнады.

Источник

Exit mobile version