Site icon KAZAKBOL

«Док-1 Макс» шәрбатынан қайтыс болған балалардың ата-аналары өтемақы алуы мүмкін

Өзбекстанда «Док-1 Макс» үнді препаратын ішкеннен кейін қайтыс болған балалардың ата-аналарына өтемақы төленуі мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министрінің орынбасары Эльмира Баситханова хабарлады.

Шенеуніктің айтуынша, мұндай өтемақы науқастың осы препараттан қайтыс болғанын айғақтайтын құжаты бар ата-аналарға ғана төленеді.

«Қазір зардап шеккен балалардың әрқайсын тексеру жүріп жатыр», — дейді Баситханова. Оның айтуынша, балалардың өліміне «Док-1 Макс» препараты себеп болды дегенді әзірге ата-аналар ғана айтып жүр.

Бұның алдында Өзбекстанда «Док-1 Макс» препаратынан 20 бала қайтыс болғаны хабарланған. Іс материалдары бойынша, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Тергеу басқармасы «Quramax Medikal» компаниясы мен «Дәрі-дәрмек стандарттау ғылыми орталығының» жауапты тұлғаларының үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Биыл 11 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Marion Biotech үнді компаниясы өндірген «Док-1 Макс» пен «Амбронол» шәрбаттарынан ішпеуге кеңес берген.

Үндістан «өлім шәрбаты» деп аталып кеткен препараттан этиленгликоль улы заты табылған соң Marion Biotech компаниясына дәрі шығаруға тыйым салды, ал Уттар-Прадеш штатының үкіметі компания лицензиясын уақытша тоқтатты.

Источник

Exit mobile version