Site icon KAZAKBOL

«Дрон соққысынан өлді». Ресей түрмесінде отырған тағы бір тәжік азаматының сүйегін Украинадан жеткізді

Украинадағы соғыста тағы бір тәжік азаматы — Тұрсынзаде қаласының тұрғыны Валиджон Рахматов өлді. Ол жаппай төбелеске қатысқаны үшін сотталып, Ресейдегі түрмелердің бірінде отырған.

27 жастағы Валиджонның сүйегін туыстарына 22 сәуірде жеткізіп берген. Рахматовтар отбасы марқұм соғысқа өз еркімен барған дегенге сенбейді.

Валиджон Рахматов 2015 жылы Ресейге жұмыс істеуге барған. Марқұмның әкесі Хокимжон Рахматовтың айтуынша, 2018 жылы ұлы жаппай төбелеске қатысқаны үшін 10 жылға сотталған.

«Валиджон Санкт-Петербургтегі қоймалардың бірінде жұмыс істеген. Сол жерде тәжіктер дағыстандық мигранттармен төбелескен. Ол ұсталып, 10 жылға сотталған. Әуелі Санкт-Петербургтегі, сосын Иркутскідегі колонияда отырған, сол жерден Украинадағы соғысқа алып кеткен. Валиджон колониядан үнемі хабарласып тұратын, алаңдамаңдар деп айтатын», — дейді марқұмның әкесі Хокимжон Рахматов 26 сәуірде Азаттықтың Тәжік қызметі — Озоди радиосына.

Үш ай бұрын туыстары Валиджонмен хабарласа алмай қалған. «Соңғы рет ол бауырына хабарласып, оны колониядан соғысқа алып бара жатқанын айтқан. Валиджон соғыста өлгенін ресейлік әскерилер 21 сәуірде — Айт мерекесінің алғашқы күні хабарлады», — дейді марұмның әкесі.

Ресейлік әскерилер марқұмның туыстарына Рахматов шамамен екі ай бұрын дрон соққысы салдарынан өлгенін айтқан. «Бізге Валиджон Артемевск (Бахмут) түбінде мерт болғанын хабарлады. Соққы жасалған кезде ұлым мен тағы төрт адам түнелде болған» дейді Хокимжон Рахматов.

Валиджон Рахматовтар отбасындағы үлкен ұл. Ол Ресейде жұмыс істеп, тапқан ақшаға сүйікті қызына үйленгісі келген. Валиджон Рахматовты 23 сәуірде жергілікті зиратқа жерледі.

Ресей түрмелерінде отырған, Украинадағы соғыста өлген тәжік азаматтары туралы нақты мәлімет жоқ. Озоди радиосы Ресейдегі түрмелерде жазасын өтеп жүрген уақытта соғысқа кетіп, Украинада мерт болған жиырма шақты тәжік азамат туралы мәлімет бар екенін хабарлады. Ресей билігі олар туралы ешқандай мәлімет жарияламай отыр.

Ресей бірнеше айдан бері түрмелерде отырғандарды Украинадағы соғысқа жіберіп жатыр. Бұның алдында ақпарат құралдары «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин түрмелерді аралап, жазасын өтеушілерді Украинадағы соғысқа баруға үгіттегенін хабарлаған. Жақында Пригожин Украинадағы соғыстан оралған бес мыңнан аса жазасын өтеуші рақымшылық алғанын змәлімдеді. Олардың арасында тәжік азаматтары бар-жоғы әзірге белгісіз.

Источник

Exit mobile version