Тәжікстан астанасында Шомансұр ауданындағы №71 орта мектептегі өрт екінші қабаттағы конференция залына орнатылған кондиционерде тоқтың тұйықталуынан шығуы мүмкін.
Оқиға орнын тексерген Душанбе милициясы осылай деп хабарлады.
23 маусымда таңертең жарияланған ресми мәліметте өртті сөндіруге астаналық милицияның 125 қызметкері, өрт сөндіру қызметінің 150 маманы қатысқаны айтылған.
От 1500 шаршы метрге тараған. Жұмыс тобы шығын көлемін анықтап жатыр.
Душанбе қаласы Шомансұр ауданындағы №71 орта мектептегі өрт 22 маусымда сағат 22:15-те басталған.
Азаттықтың Тәжік қызметінің оқырмандары оқиға орнында түсірілген видеолар жолдады. Онда от мектеп ғимараты мен шатырына жайылғанын анық көруге болады.