Site icon KAZAKBOL

ЕҚЫҰ өкілі Орталық Азия елдерінде сөз еркіндігі нашарлағанын мәлімдеді

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілі Тереза Рибейро 6 шілдеде Бішкекте Орталық Азия бұқаралық ақпарат құралдарының конференциясында аймақ елдерінде сөз еркіндігі нашарлап бара жатыр деп мәлімдеді.

«Журналистер қысымға ұшыраған уақытта күндердің күнінде демократия да нашарлайды. Өкінішке қарай, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің көбінде, соның ішінде Орталық Азияда, БАҚ еркіндігі нашарлап барады. Керағар заңдар қабылданып, БАҚ еркіндігі мен сөз еркіндігіне түрлі шабуылдар жасалып жатыр. Журналистер соққыға жығылып, жемқорлық секілді тақырыптарды зерттеушілерге қысым жасалып жатқанының куәсі болдық» дейді Рибейро.

ЕҚЫҰ өкілінен соң Қырғызстан мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов сөйледі. Ол фейк ақпараттар туралы айтты. Министрдің пікірінше, Қырғызстанға ғана емес, Орталық Азия елдеріне «фейк ақпарат қауіп төндіріп тұр». Мақсұтов «Қырғызстан сөз еркіндігін нығайтуды көздейтін шараларды жүзеге асырып жатқанын» мәлімдеген.

Баспасөз еркіндігінің 2023 жылға арналған дүниежүзілік индексінде Орталық Азия елдерінің бәрінде баспасөз еркіндігі индексі төмендеді. «Шекарасыз тілшілер» ұйымы дайындайтын бұл рейтингте Қырғызстан бірден 50 орын жоғалтқан.

Қырғызстанда кейінгі уақытта белсенділер мен журналистер БАҚ-қа қысым жасалып жатқанын жиі айтып жүр. Сөз еркіндігінің жағдайы нашарлағанын айтқан олар керағар заң жобаларына қарсы шығуға мәжбүр. Медиакеңістік пен үкіметтік емес ұйымдар жұмысын шектейтін құжаттарды халықаралық ұйымдар да сынап отыр.

Источник

Exit mobile version