Site icon KAZAKBOL

ЕҚЫҰ «Вагнер» әскери компаниясын террористік ұйым деп таныды

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы парламенттік ассамблеясы «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясын террористік ұйым деп тантын қарар қабылдады. Құжат ассамблея сайтында жарияланды.

«ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы «Вагнер» тобының Ресей үкіметі мүддесіне сай әрекетін террористік деп сипаттауға болады, сол себепті ұлттық биліктердің «Вагнер» тобын террористік ұйым деп танығаны дұрыс» деп жазылған мәлімдемеде.

Қарарда «Вагнер» ЖӘК Ресей мүддесі үшін әрекет еткені, өткен аптада Владимир Путиннің өзі мойындағандай, оны толықтай мемлекет қаржыландырғаны айтылған. Бұл «Ресей мемлекеті «Вагнер» тобының шетелдегі әрекеттеріне жауапты дегенді білдіреді» деп жазылған құжатта.

Парламенттік ассамблея «Вагнерге» қолдау көрсеткен, оларға өз аумағында база тұрғызуға рұқсат берген Беларусь билігін де сынады.

«Вагнер» әскери компаниясы мен оның негізін қалаушы Евгений Пригожиннің 23-24 маусымдағы бүлігінен кейін жалдамалы әскерге Беларусьқа орналасуға рұқсат берілгені мәлім болды. Келіссөздерге Александр Лукашенко араласқан. БАҚ «вагнерліктердің» Могилёвск облысы аумағында шатырлардан құрылған лагерьге орналасқанын айғақтайтын спутниктік суреттер таратты.

ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының сессиясы Ванкуверде өтті. Канададағы форумға әлемнің 50 елі қатысты.

Источник

Exit mobile version