Владимир Путинді басым көпшілік президент етіп таңдады деп жарияланған сайлауды басқа кандидаттар «дауыс беру процедурасы бұзылды» деп, ал халықаралық бақылаушылар «шынайы бәсекесіз өтті» деп сынады.
Ресейдің Орталық сайлау комиссиясының басшысы Элла Памфилова наурыздың 19-ында бюллетеньдер түгелге жуық саналып біткенде Путиннің жеті бәсекелесін соңында қалдырып, 76.7 пайыз дауыс жинағанын мәлімдеген. Бұл — Совет Одағы құлағалы бері Ресей жетекшілері жеткен ең жоғары көрсеткіш. Сайлаушылардың 67 пайызы дауыс бергені хабарланған.
Дауыс беру кезінде жәшікке топтап бюллетень салу мен өзге де заңсыздықтар туралы видеолар мен шағымдар әлеуметтік желілерде кең тарағанына қарамастан Путин Сталиннен кейінгі Ресейді ең ұзақ билеуші екінші саяси жетекші атануға бет алды.
ЕҚЫҰ-ның Еуропадағы қысқа мерзімді бақылаушылар миссиясының арнайы үйлестіруші өкілі Майкл Линк дүйсенбіде Мәскеуде өткен баспасөз-мәслихатында:
— Бұл елде көрген шынайы бәсекесіз таңдау — шын таңдау емес. Фундаменталдық бостандықты заң тетіктері шектейтін және нәтижеге күмән тумайтын жерде сайлаудың мәні жоғалады. Ол мән — жетекшісін сайлау үшін халыққа ерік беру, — деді.
Ал Памфилова дауыс беру нәтижелерінің бес сайлау округында есепке алынбағанын айтқан. Бірақ дауыс беру процесі кезінде «өрескел түрде заң бұзылды» деген айыптауларды теріскен шығарған. Орталық сайлау комиссиясының басшысы 2012 жылмен салыстырғанда «екі есе аз заң бұзушылық болғанын» мәлімдеген.
Ресейдегі сайлауға 500-ден астам бақылаушы жіберген ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы) дауыс берудің заңдық және техникалық аспектілері жақсы ұйымдастырылғанын атап өтті. Бірақ халықаралық ұйым: «БАҚ-та бір ғана адамды президент ретінде жан-жақты көрсету әділетсіз саяси майдан қалыптастырды» деп тұжырым жасады.