Жаңаөзен әкімдігінің алдында екі ай бойы жиналып жұмыс талап еткендер органдар тарапынан қудалауға ұшырағандарын айтады. Қазір алаңда екі адам қалған. Бұл туралы Азаттыққа Ғалия Жанаспаева хабарлады.
Сөзінше, оны 24 наурызда Жаңаөзен полициясына шақырып, төрт сағат тергеген.
— Мені екі айлық жұмыссыздар ереуілінің ұйымдастырушысы, алауыздық тудырушы деп айыптады. Егер тағы ереуілге шығатын болсам бір жылға абақтыға қамалатынымды айтты. Ешқандай қағазға қол қоймадым, бірақ ереуілге шықпауға уәде бере алмайтынымды айттым. Өйткені балаларым әлі жұмыссыз, — деді ол Азаттыққа.
Ғалия Жанаспаеваның айтуынша, 25 наурызда қала билігі алаңда жұмыс талап етіп тұрғандарды екі топқа бөліп, әйелдерге бір бөлек, ерлерге бөлек жиналыс өткізген. Оған қатысқандардың айтуынша, жиналғандарға наразылықтарының заңсыздығын ескертіп, жұмыс тауып беруге уәде берген. Мұны азаматтық белсенді Жадыра Дүйсекеева да растады.
— Мен жиналыс болған жерге келгенімде мені оған қатыстырмады. Себебі мен сол жерден тікелей эфир жүргізіп, әлеуметтік желіде жариялаймын. Ол ешкімге ұнамайды. Қазір талапты соңына дейін жеткізу үшін алаңға Амангүл есімді белсендi екеуміз барып жүрміз, — дейді Жадыра Дүйсекеева.
Бірақ Жаңаөзен қаласы әкімі бұл жиналысқа әкімдіктің қатысы жоқтығын айтады.
Бұған дейін Жаңаөзенде оннан астам адам полицияға шақырылып, олармен «профилактикалық әңгімелесу» болған еді.
Жаңаөзендегі жұмыс тауып беруді талап еткен жұмыссыздар ереуілі екі айдан бері жалғасып жатыр. Наразылардың бірнешеуі «билік тұрақты жұмыс орнын ашу талабымызға назар аудармады» деп 15-18 наурыз аралығында аштық та жариялаған.
Жұмыссыздар айтуынша, билік іс жүзінде 300 адамға жұмыс берген. 150 жұмыс орнына әлеуметтік жағдайы өте нашар және мүгедек жандары бар отбасылардың мүшелері орналасқан.
— Кейінгі ақпаратқа қарағанда тағы 70 адамды жұмысқа орналастыруға уәде берді. Бірақ тұрақты жұмыс орнын мұнай саласынан ашу деген басты талап орындалмады. Тек аштық жариялап, ерекше белсенді наразылық білдіргендерді мұнай кәсіпорындарына жұмысқа орналастыруға тырысып жатыр, — деді Марат есімді ереуіл қатысушыларының бірі.
Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровтың Азаттыққа айтуынша, қазір 380 адам жұмысқа орналастырылған. Ол тағы 70 шақты адамның осы апта соңына дейін жұмысқа шығатынын айтып, жұмыссыздарға жұмыс табу жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Жұмыссыздардың екі айға созылған ереуіліне 25 наурызда Маңғыстау облысы прокуроры жергілікті баспасөз арқылы реакция білдірді. Маңғыстау облысының бас прокуроры Ерлан Абаев облыстағы еңбек дауынан туындаған стихиялық ереуіл жиілеп кеткенін айтып, сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысушылардың жазаланатынын ескерткен.