Site icon KAZAKBOL

Екі миллионға жуық тәжікстандық өте кедей өмір сүреді

Тәжікстан халқының жиырма пайызы немесе екі миллионға жуық адам өте кедей өмір сүреді. Халық тұрмысын зерттеген Дүниежүзілік банк осындай тұжырым жасаған. Бірақ тәжік билігі халықтың 27 пайызын кедей деп есептейді.

Дүниежүзілік банк экономисі Вильям Зайтц Тәжікстанда кедей адамдар саны 20 пайызға дейін төмендегенін мәлімдеді.

Бұған дейін банк республикада 2000-2016 жылдар аралығында кедейшілік деңгейі 83-тен 30 пайызға дейін төмендегенін хабарлаған. 2016 жылы кедейшілік деңгейі қалаларда — 23,7 пайыз, ауылда 33,5 пайыз болды. Көптеген тәжік отбасылары еңбек мигранттары жолдаған ақшаға күнелтіп отыр. Бірақ Ресей экономикасындағы дағдарысқа байланысты, көптеген мигранттар жұмыссыз қалып, Тәжікстанда біраз адамның кірісі төмендеген.

Вильям Зайтцтың айтуынша, Дүниежүзілік банк Тәжікстанда кедейшілік шегін күніне бір адамға 3,3 доллар деп белгілеген. Дегенмен Тәжікстан үкіметінің Статистика жөніндегі агенттігі басшысының орынбасары Киёмиддин Давлатзода республика халқының 27 пайызы кедей деп отыр. Оның айтуынша, осыншама адам елде күніне 1,9 долларға өмір сүреді.

Тәжік экономисті Масъуд Собиров билікке елдегі кедейшілік деңгейі бұрынғыша жоғары болғаны тиімді екенін айтты. Сол арқылы Душанбе халықаралық қауымдастық көмегіне иек арта алады.

centralasian.org

Exit mobile version