Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы әкімі Әбілқайыр Ысқақовты қызметінен босатты, деп хабарлады Ақорда.
Облыс әкімі міндетін уақытша Олег Крук атқарады. Ол бұған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары болған.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қызметтерінде қалды.
150 мың халқы бар Павлодар облысындағы Екібастұз қаласының тұрғындары қақаған аязда бірнеше күн бойы жылусыз қалғаннан кейін Ысқақов қызметінен босап отыр. 27 қарашаға қараған түні жергілікті жылу электр орталығындағы қазандықтар істен шығып, ондаған көпқабатты тұрғын үй, сонымен бірге жеке үйлер мен әлеуметтік нысандар 30 градус аязда жылусыз қалған.
Екібастұздағы жылу магистраліндегі ақаулардан кейін билік жергілікті аумақта техноген сипатындағы төтенше жағдай жариялаған. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақов қаланың бірқатар тұрғындары көшірілгенін де мәлімдеген.
Энергетика министрлігіне қарасты атом және энергетикалық қадағалау комитетінің өкілдері тергеу басталғанын хабарлады.
«Власть» сайтының жазуынша, 1 желтоқсан күнгі мәлімет бойынша Екібастұздағы 17 көп қабатты тұрғын үйге жылу 30 қараша кешке дейін жіберіледі деп уәде етілгенмен үйлерде әлі жылу жоқ. Одан бөлек, жуырда қалада ақауға байланысты электр энергия желілері істемей қалған.
Облыс әкімдігі мәліметіне сүйенген мемлекеттік «Қазақпарат» агенттігі қалада әзірге 132 көп қабатты тұрғын үй, 114 жеке үй, 13 әлеуметтік нысанға жылу берілгенін хабарлады. Әзірге 17 көп қабатты үй орталық жылу желісіне қосылмаған.