Site icon KAZAKBOL

Фирдоусиде орамалды оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынды

Түркістан облысы Мақтарал ауданы Фирдоуси ауылында мектепке діни киіммен барған 13 оқушы қыздың ата-анасына айыппұл салынды. Бұл туралы Азаттыққа Фирдоуси мектебінің директоры Жанар Мамырова айтты.

Жанар Мамырованың айтуынша, жоғарғы және төменгі сыныптарда оқитын 372 оқушы қыздың елуге жуығы хиджабын шешпей отыр. 13 қыздың ата-анасына Түркістан облыстық білім саласындағы бақылау департаменті хаттама толтырып, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған.

Директордың сөзінше, егер ата-аналар айыппұлды төлемесе, сотқа тартылады.

Жанар Мамырова қалған 26 оқушы қыздың ата-анасы қызының орамалын шешіп мектепке келуін қамтамасыз етпесе, оларға да хаттама толтырылатынын айтады.

Фердаусидегі орамал дауы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығынан кейін шыға бастаған. Билік бұйрықтың орындалуын талап етсе, ата-аналар дәстүрді алға тартып, қыздарының мектепке орамалсыз баруына қарсы шығады.

Министрлік бұйрығы былтыр күзде Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында да кейбір мектеп әкімшілігі мен ата-ана арасындағы «орамал дауына» себепші болған. Аталған аймақтарда мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған ондаған оқушының ата-анасы сотқа арыз берген. ​

Тұрғындар шағымын қараған соттар Білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.

centralasian.org

Exit mobile version