Site icon KAZAKBOL

Forbes: Қазақстанда тағы үш миллиардер пайда болды

6 сәуірде америкалық Forbes журналы әлемдегі ең бай адамдардың жаңа тізімін жариялады. Оған тұңғыш рет Kaspi.kz негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе мен Вячеслав Ким, Freedom Finance тобының жетекшісі Тимур Турлов енген.

Қазақстанда ең бай алты адамның ішінде Владимир Ким бірінші орында тұр. Елдегі ең ірі мыс өндіруші компания «Қазақмыс» корпорациясы жетекшісінің байлығын журнал 4,6 млрд долларға бағалаған. Әлемдік тізімде 622-орында тұр. Оның байлығы былтырдан бері 900 млн долларға артқан.

Екінші орында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы іс басқарушысы әрі көмекшісі Болат Өтемұратов тұр. Бір жылда оның капиталы 700 млн долларға көбейіп, 3,4 млрд долларға жеткен. Былтыр Ұлыбритания соты «БТА банкінен ұрланған ақшаны жасыруға көмектесті» деп күдікке ілінген Өтемұратовтың активтерін бұғаттай жаздаған.

Биыл тізімге жаңадан енген Kaspi.kz негізін қалаушылардың бірі Вячеслав Ким 3,3 млрд доллар капиталымен тізімде 925 орынды иеленген. Оның Kaspi.kz-тегі үлесі 25 пайызды құрайды.

Былтыр қазан айында қазақстандық Kaspi.kz компаниясы Лондон сауда биржасына акцияларын шығарып, үлкен табысқа кенелген. Ақпарат құралдары бірер күнде бірнеше миллион акциясын сатқан компанияның негізгі акционерлері Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе «миллиардерлер қатарына кірді» деп жазған.

Михаил Ломтадзе де биыл алғаш рет тізімге еніп отыр. Оның байлығы 2,3 млрд долларға бағаланған. Тізімде 956-орында түр. Оған Kaspi-дің 23 пайыз акциясы тиесілі. Ломтадзе Грузия азаматы болғанмен Қазақстанда жүріп байығандықтан тізімде қазақстандық кәсіпкер ретінде көрсетілген.

Қазақстан президентінің күйеу баласы әрі мұнай магнаты Тимур Құлыбаевпен әйелі Динара Құлыбаева әрқайсысы 2,8 миллиард доллар капиталымен 1111-орыннан көрінген. Бір жылда олардың байлығы өзгермеген.

Биыл тізімге алғаш рет сонымен бірге байлығы 2,2 млрд долларға бағаланған Тимур Тұрлов та енген. Ол тізімде 1517-орында тұр. 2020 жылы қазан айында Freedom Holding Corp инвестициялық тобы акцияларын NASDAQ биржасына шығарған. Тимур Турлов Freedom Finance-тің бақылау пакетіне ие.

centralasian.org

Exit mobile version