Қаратау аудандық сотында 21 жастағы қала тұрғынына қатысты сот үкімі шықты.
Ол Шымкент қаласының аумағындағы бизнес орталық ғимаратынан құны 2 000 000 (екі миллион) теңге тұратын 2 дана «SOBY A7-3» фотоаппаратын жасырын түрде жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, 3,5 (үш жарым) жылға бас бостандығынан шектелді.
Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі – 2 000 000 (екі миллион) теңгені құраған.
Тергеу барысында азаматтың өзі ұрлаған фотоаппаратты Алматы қаласындағы ломбардтардың біріне 1 350 000 (бір миллион үш жүз елу мың) теңгеге өткізіп, одан түскен ақшаны несиесін жабу үшін жұмсағаны белгілі болды.
Басты сот талқылауында сотталушы өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, өкінетінін жеткізген.
Сот сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларын, жасаған қылмысының қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесін, оның жеке басының деректерін ескере келе, ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 1 және 3-тармағы (Ұрлық) бойынша азаматқа «бас бостандығынан шектеу» түріндегі жазаны қолдану қажет деп тауып, 3,5 (үш жарым) жылға үкім кесті.
Сондай-ақ, тағайындалған бас бостандығын шектеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылауда болып, жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жыл сайын 100 (жүз) сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылу міндеттелді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі