«Ресей Украинаға қарсы жаңа әскери агрессия жасайтын болса, салдары өзіне ауыр, құны жоғары болатынына күмәнданбауға тиіс». Британияның Ливерпуль қаласында өткен «Жетілік елдері» (G7) сыртқы істер министрлігінің екі күндік кездесуінің қорытындысы бойынша жарияланған мәлімдемеде осындай сөздер бар.
«Үлкен жетілік» әлемнің АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Германия, Канада және Жапония секілді дамыған елдерінен құралады. 2014 жылы Қырымды аннексиялағанға дейін Ресей де бұл ұйымның жұмысына қатысып келген.
Кездесу қорытындысы жайлы жалпы коммюникеден өзге G7 елдерінің сыртқы істер министрлері «Ресей мен Украина туралы» жеке мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде Ресейдің Украинамен шекарасына әскерін шоғырландырғаны және Украинаға қарсы агрессивті риторикасы айыпталған.
Құжатта АҚШ пен Ресей президенттерінің 7 желтоқсанда телефон арқылы сөйлескені, Германия мен Францияның «Норман форматы» бойынша күш салып жатқаны сөз болып, Украинаның шығысындағы конфликтіні бейбіт реттеу туралы Минск келісімін жүзеге асыруға шақырған.
«Шекараны күшпен өзгертудің кез келген түріне халықаралық құқық нормаларымен тыйым салынған», – дейді құжатта.
АҚШ пен Батыс елдері Украинамен шекарасына шамамен 100 мың әскерін шоғырландырып жатқан Ресей Украинаға шабуыл жасауы мүмкін деп санайды.
Мәскеу мұндай болжамды теріске шығарады. Ресей президенті Владимир Путиннің сөзінше, Киевтің НАТО-мен қатты жақындаса бастауына байланысты Ресей қорғанысын күшейтіп жатыр.