Германия Польшаға зымыран шабуылынан қорғайтын Patriot жүйесін ұсынды. Бұл туралы ГФР қорғаныс министрі Кристина Ламбрехт хабарлады. Өткен аптада Польшаның Украинамен шекарасы маңындағы бір ауылына зымыран құлаған.
Берлин Варшаваға әуе кеңістігі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектескісі келеді. «Польша мақұл көрсе», бұл іске Eurofighter неміс жойғыш ұшақтары жұмылдырылады, деп мәлімдеген ГФР қорғаныс министрлігінің өкілі. Жойғыш ұшақтарды Польшаға орналастырудың қажеті болмайды, техника неміс Әскери әуе күштерінің базаларынан да ұшып жете алады.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері НАТО мүшелері Шығыс Еуропадағы әуе қорғанысын күшейте бастады. Әскери блоктағы Германия бастаған ондаған одақтас қазан айында әуе қорғанысы жүйелерін бірлесіп сатып алу бастамасын ұсынды. Мұндай жүйелер арасында Patriot та бар.
15 қарашада Польшаның Пшеводув ауылына зымыран құлап, соның салдарынан екі адам мерт болды. Бұл уақытта Ресей әскері Украина аумағын зымыранмен атқылап жатқан.
Киев зымыранды Ресейдікі деп мәлімдеді. Ресей бұны жоққа шығарып, Польша шекарасына қарай оқ атпадық деп ақталды. Польша билігі ауылға құлаған зымыран Украинаның зымыранға қарсы жүйесіне тиесілі болуы мүмкін деген болжам жасады.
Польша премьер-министрі Матеуш Моравецкий интервью «Поляк радиосына» берген сұхбатында құлаған зымыранға қатысты тергеу әлі жүріп жатқанын мәлімдеді.