Site icon KAZAKBOL

ІІМ журналистерге тапсырыспен шабуыл жасалды деп есептемейді

Қазақстан ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың пікірінше, 19 наурызда өтетін парламент сайлауы қарсаңында журналистерге жасалған бірнеше шабуыл әлдекімнің тапсырысымен іске асты деуге әлі ерте.

«Журналистердің кешегі шағымын есепке алмағанда, бұған дейінгі алты шабуылдың кімдер жасағаны анықталды, олар ұсталды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Оларды мұндай қылмысқа не итермелегені, артында кімдер тұрғаны тергеу барысында анықталады», — дейді Марат Қожаев. Астанада журналистер сауалына жауап берген вице-министр шабуылдар «әлдебіреудің тапсырысымен жүзе асты деуге әзірге ерте» деп есептейді.

Осы аптада ІІМ 2022 жылғы қыркүйектен осы уақытқа дейін Астана мен Алматыда «алты журналист пен блогерге қарсы заңсыз әрекет тіркелгені», 18 күдіктінің ұсталғаны туралы есеп берген.

Бұның алдында «Әділ сөз» ұйымы биыл қаңтар айында ғана Қазақстанда медиа өкілдеріне бес шабуыл жасалғанын хабарлаған. Ал ақпанда кем дегенде екі шабуыл болғаны мәлім.

22 ақпанда журналист Данияр Молдабеков медициналық маска таққан белгісіз біреулер Алматыдағы үйінің подъезінде ұрып кеткенін хабарлады. Қаңтарда алматылық журналист Динара Егеубаева белгісіз біреулер автокөлік салонына кірпіш лақтырып, машинаны өртеп жібергенін хабарлады. Егеубаева мұндай әрекетті қастандық деп сипаттады. Екі күннен соң Алматы полициясы кәмелет жасқа толмаған бес күдіктіні ұстағанын хабарлады. 15, 16 және 17 жастағы күдіктілер El Media редакциясының есігін де бұзған.

Осы оқиғадан бірнеше күннен соң Ulysmedia.kz жаңалықтар сайтының бас редакторы Самал Ибраева белгісіз біреулер сайтты бұзып, оған өзінің және отбасы мүшелерінің жеке мәліметтерін жариялағанын хабарлады. Ибраева мұндай әрекетті жеке өміріне килігу деп бағалаған.

Көп уақыт өтпей алматылық журналист Вадим Борейко пәтер есігінің сыртқы жағына желімдеуге арналған көбік жағып кеткенін хабарлады.

Ақпан айында Динара Егеубаева белгісіз біреулер ұлына тапаншамен шабуылдады деп мәлімдеді. 20 ақпанға қараған түні Алматыда Борейкомен жұмыс істейтін видеооператор Роман Егоровтың екі автокөлігін өртеп кетті. Егоров заңсыз әрекетті кәсіби қызметімен байланыстырып отыр.

Қазақстандық журналистерге жасалған бірнеше шабуылдан соң Журналистерді қорғау комитеті (Committee to Protect Journalists) Қазақстан билігінен кінәлілерді тауып, жауапқа тартуды талап еткен.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанды сөз еркіндігі шектелген мемлекеттер санатына жатқызады. Республика «Шекарасыз тілшілер» ұйымының баспасөз еркінді индексінде 180 ел ішінде 122-орында тұр.

Источник

Exit mobile version