Гүлнара Каримованың қызы Лондонда тұратын Иман Каримова анасының үстінен қозғалған жаңа іс бойынша басталған сотты «сайқы-мазақ шоу» деп атап, жақында өзбек үкіметінің жемқорлық әрекеттерін әшкерелейтін деректерді жариялайтынын айтты.
Тамыз айында Өзбекстанның бас прокуратурасы Гүлнара Каримова үстінен «ақша жымқыру» бабы бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғап, 16 қыркүйекте соты басталған.
«Алдағы күндері жемқорлықты зерттейтін халықаралық сот пен белгілі халықаралық компанияларға құжаттар жіберілмек, бұл биліктің анам мен біздің қолымыздағы фактілерден қаншалықты қорқатынын көрсетеді. Халықтың назарын мұндай ақпараттан басқа жаққа бұру мүмкін емес, бірақ егер бірнеше танымал блогерді тартып, тырысса бәлкім, нәтиже шығып қалар» деп жазған Иман Каримова Instagram-да.
Иман Каримованың бұл жазбасы шыққаннан кейін швейцариялық адвокат Грегуер Манжа Гүлнар Каримованы сот тыңдауы өткен Яшнабад аудандық сотынан белгісіз жаққа алып кеткенін жазды. Оның әлі күнге дейін қайда екені белгісіз. Адвокаттың айтуынша, Иман Каримованы сот отырысына кіргізбеген. Адвокат Манжа сотқа қатысу үшін екі апта бұрын ресми сұрау жібергенін, бірақ соған қарамастан сот процесіне қатысуға рұқсат ала алмағанын жазған.
«Өзбек адвокаты тыңдаудың болатынын бүгін ғана білген сияқты. Қызын сот залына кіргізбеді» деп жазды ол Twitter-де.
Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримоваға қарсы елде бірнеше қылмыстық іс қозғалған.
2015 жылдың тамыз айында Ташкент соты Каримованы салықтан жалтару, ақша жымқыру, бопсалау және басқа да қылмыстар бойынша кінәлі деп тауып, бес жылға бас бостандығынан айырған. Осыдан кейін Каримованың үстінен алаяқтық, шетелдік валютаны жасыру, кеден заңнамасы мен қылмыстық жолмен тапқан табысты заңдастыру тәртібін бұзу баптары бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалған.
2017 жылдың желтоқсан айында Гүлнара Каримова 10 жылға түрме жазасына кесілді. 2018 жылдың шілде айында сот оның жазасын жеңілдетіп, бес жылға үйқамақта қалдыру туралы ұйғарымға келді.
Каримова жазасын қызы Иман тұратын үйден шықпай, интернет пен телефон пайдаланбай өтеуі керек болған. 2019 жылы наурыз айының басында Өзбекстан бас прокуратурасы Гүлнара Каримованың сот шешімімен үйқамақтан колонияға ауыстырылатынын хабарлады. Өзбекстан билігі Гүлнара Каримованың сот талаптарын бұзып, бірнеше рет телефонмен сөйлесіп, үйден шыққанын айтты.
Осыған дейін үш ірі мобильді компания – Telia, Vimpelcom және МТС Өзбекстанның телекоммуникациялық нарығына кіру үшін Гүлнара Каримоваға миллиондаған пара бергенін мойындаған. Осы мәлімдемеден кейін АҚШ билігі Гүлнара Каримоваға 865 миллион доллар көлемінде пара алды деп ресми түрде айып таққан.