Site icon KAZAKBOL

Иран Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флайға санкция салды

Иран билігі Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флайды санкция салынған 40 адам мен компанияның тізіміне енгізді.

Бұған дейін Еуропа одағы мен Ұлыбритания Иранға қарсы санкциясын күшейткен. Ал оған жауап ретінде Тегеран өз санкция тізімін жариялады.

Иран сыртқы істер министрлігінің хабарламасында санкцияға ілінгендер елге кіре алмайтыны, Иранда активтері болса, тәркіленетіні жазылған.

Былтыр желтоқсанда Тегеран Азаттықтың Иран қызметіне және франциялық Charlie Hebdo журналына санкция салған. Ол кезде Флай Иран билігінің бұл шешімін «кез келген авторитар режимге тән шындықты манипуляциялайтын абсурд» деп атаған.

Ресми Тегеран елде билікке қарсы қыркүйекте басталып, әлі жалғасып жатқан наразылыққа Батыс елдерін айыптайды. Иран билігі наразылыққа шыққан жүздеген адамды өлтірсе де, қарсылық әлі басылған жоқ.

Былтыр мамырда Ресей сыртқы істер министрлігі Джейми Флайды санкция тізіміне қосқан еді.

Источник

Exit mobile version