Гүлнар Каримова. Фото: ria.ru
Бұған дейін үйқамақта болған Гүлнар Каримова бүгінде түрмеге тоғытылған. Әйелдің нақты қай түрмеде екені құпия сақталуда. Өзбек бас прокуратурасы Каримованы қамауға алу шешімі 2015 жылдың сот шешімі негізінде жүзеге асырылғанын алға тартты. Ол кезде Каримова бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бұл сот шешімі Ислам Каримовтің көзі тірісінде шығарылғанымен, әкесі қызын түрмеге тоғытуға асықпаған.
Ресейлік исламтанушы Алексей Малашенко Каримованың қамалуын «жаңа биліктің саяси алаңды тазартып, бұрынғы президенттің қызы туралы халықты ұмыттыруға тырысуымен» байланыстыруда.
Сол арада Каримованың үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Ал халық арасында Гүлнарды улап өлтірді деген сыбыс тараған болатын. Алайда наурызда бұл сыбысты Каримованың адвокаты жоққа шығарды.
Өзбектсанның бас прокуратурасының сайтында Гүлнар Каримоваға қарсы қылмыстық іс 2013 жылы, ал оған қатысты шешім 2015 жылы шығарылғаны көрсетілген. Енді маманның пікірінше, Өзбекстан билігі Каримованы ұмыттыру үшін бәрін салады.
«Алайда Каримованың үстінен жаңа қылмыстық іс қозғау сәтті қадам деп айта алмаймын. Себебі Гүлнардың білетіні көп. Дәл Гүлнардай көп білетін адам жоқ шығар? Ол сотта бәрін жайып салуы мүмкін», — дейді маман.