Site icon KAZAKBOL

Келіссөз сәтсіз аяқталғанын айтқан жаңаөзендік мұнайшылар Астанаға баруға дайындалып жатыр

«Өзенмұнайгаз» компаниясы алдында ереуілге шығып тұрған «БерӘлі Маңғыстау Company» кәсіпорнының бұрынғы жұмысшылары билік және «ҚазМұнайГаз» өкілдерімен арада болған келіссөз сәтсіз аяқталғанын хабарлады.

Мұнайшылар «құрал-жабдығы жаңартылмаған, жұмысшыларының құқығы қорғалмаған, заңға бағынбайтын мекемелерден жұмыс ұсынып, алдарқатқысы келеді, біз оған келіспейміз» деп мәлімдеді.

Бір күн бұрын жергілікті БАҚ Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жаңаөзенде сәуірдің басынан бері ереуілдетіп тұрған «БерӘлі Маңғыстау Company» кәсіпорнының бұрынғы жұмысшыларымен кездескенін хабарлаған еді. Бұл кездесуге «ҚазМұнайГаз» бен «Өзенмұнайгаз» басшылары да қатысқан.

– Бізге Астанаға барған кезден бастап құрал-жабдығы тозған, жұмысшылардың құқығын қорғамайтын мекемелерден жұмыс ұсынып келеді. Кеше жігіттер «алдыңғы көрсеткен техникаларың ба?» деп сұрақ қойды. Олар нақты жауап бере алмады. Сонда бұлар ештеңе ауыстырмаған, бұрынғы техникаларын сырлап бояғаннан басқа ештеңе істемеген сияқты. Нақты өзгеріс жасамаған. Бірыңғай жалақы төлеу жүйесін де енгізбейін деп отыр. «Заң бойынша, мұндай жүйе бізге тиісті ме, тиісті емес пе?» деген сұраққа ешкім жауап бере алмады. Біздің оны талап етуге құқығымыз бар, – деді Азаттыққа наразы жұмысшылардың бірі Есенжан Әбдірахимов.

Мұнайшылардың айтуынша, кездесу кезінде «ҚазМұнайГаздың» қаржы жағдайы қиын екені айтылған.

– Біз депутат Еділ Жаңбыршин мен «ҚазМұнайГаз» өкілдері бірігіп, баспасөз мәслихатын өткізсін деген талап қойдық. Сол жерде халыққа түсіндіріп, анығын айтсын. Кімдікі дұрыс? Ақша желініп жатыр ма, шынымен ақша жетпей жатыр ма? Ол мәселені шешеміз дегендей айтты. Бірақ қашан екенін айтпады. Бұл мәселе шешілмесе, әрі қарай Астанаға баратынымызды айттық, – деді Есенжан Әбдірахимов.

Ол кешеден бері кейбір наразы мұнайшылардың үйіне «полиция, прокуратура, әкімдік өкілдері барып», ұсынысты қабылдатуға тырысқанын айтты. Бұл ақпаратқа байланысты Азаттық әзірге Жаңаөзен әкімдігінен жауап ала алмады.

Интернетте кездесу туралы жарияланған видеода мұнайшылар бірыңғай жалақы төлеу жүйесі бар мекемеден жұмыс талап етіп тұрғаны байқалады. Олар билік пен мұнай-газ саласындағы компания өкілдерінің жауабына қанағаттанбай, «келесі аялдамамыз – Астана» деп тарқасады.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, 7 маусымда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев кездесу кезінде жиналғандарды мәселені «келіссөз үстелінде шешуге» шақырған. Ресми ақпаратқа қарағанда, жиналғандарға «Мөлдір Мұнай Сервис» кәсіпорнынан жұмыс ұсынылған. «Жұмысқа орналасу процесі «ҚазМұнайГаз» АҚ ережелері аясында жүзеге асырылатыны, оған сәйкес, тендерден ұтылған компания жұмысшылары жеңімпаз компанияға жұмысқа тұратыны» айтылған.

Источник

Exit mobile version