Site icon KAZAKBOL

Лаңкестер қатарында іздеуде жүрген күдіктіге анасы жоқтау айтып отыр

Гүлсім Қуанышбаева

Ақтөбедегі болған теракт оқиғасына қатысқан лаңкестердің бірі Бақыт Қуанышбаевтың анасы NUR.KZ порталына сұхбат берді.

«Мен адамдарды атып жатқан лаңкестер туралы естіген кезде оларды қарғадым. Оның ішінде балам бар деп ойлаған жоқпын. «Халықты қырып жатқан не деген оңбағандар, жауыздар» деген сөз өз ауызымнан шықты. Солардың қатарында өз баламның жүруі мүмкін деген ой мүлде болған жоқ. Мен ана ретінде барлық халықтың қайғысына ортақпын. Менің де жүрегім қан жылап отыр. Не айтып, қалай ақталарымды білмеймін», — дейді Гүлсім Қуанышбаева.

Бақыт Қуанышбаевтың туыстары оның қауіпті бүлікшілердің қатарында екенін теледидардан естіген.

«Үйдегі балам «Мама, қараңызшы, телефон сатып жүргендердің бәрі атысқа шығыпты» дегенде мен шошып кеттім. Баламның солардың қатарында жүргенін теледидардан естідік. Оған дейін ешқандай хабарласа алмай отырғанбыз. Теледидардан суретімен берген кезде есімізден танып қала жаздадық. Оны біреулер алдап соқты. Ол жерде жұмыс жасайтын балаларын мен танымаймын, сөйлескен де емеспін. Оның сақал өсіргеніне қарсы болдым, сондықтан қырғыздырып тастаймын. Бірақ өзі өсіремін дейтін», — дейді анасы.

Төрт құбыласы түгел баласының бұл жағдайға қалай барғанына шешесі сенбей отыр. Үйінде тек баласының кішкентай кезіндегі суреттері қалған. Жылаған немерелеріне әкелерінің суретін көрсетіп, жұбатып отыр.

«Ол менің туған ұлым, өзімнің екі балам бар. Ештеңеден таршылық көрсетпей өсірген үлкен ұлым. Кейбіреулерде жағдайы болмай, осындайға тап болады. Бақытымның күнін көре алмай жүрген ештеңесі жоқ. Онда бәрі бар. Ол өте сенгіш, аңғал. Үйде оразаға дайындалып жүрген балам еді. Екі күн бұрын «Мама, оразаңды ұста, құраныңды оқы» деп отырған. Мен баламның өз еркіммен мұндай жауыздыққа баратыныма сенбеймін. Мүмкін сол күні оны біреулер алдып алып кетті ме…», — дейді анасы.

Ол баласының әрекеті үшін халықтан кешірім сұрады.

«Халықтың жағдайын түсініп отырмын. Қыршын кетіп жатқандардың қайғысына ортақпын. Басшымыздың да сөзімен толық келісемін. Қаруды ол өз еркімен бейбіт халыққа кезенген жоқ, оны алдап алып кетті. Кімнің ақ, кімнің қара екені бір Аллаға ғана аян. Мен біреуді кінәлауға қорқамын. Оның екі баласы бар. Мыналарының көзін қиып, қалай тастап кетеді. Жұмыстан келгенде балаларын құшақтап сүйіп, өліп отырған адам. «Мама, менің әлі бес балам болады» деп жүруші еді. Мен енді баламды көремін деп те ойламаймын. Ол сенгіштігімен еріп кетті. Қолындағы нанын досына бөліп беретін адам», — дейді Гүлсім Қуанышбаева.

Бақыт Қуанышбаевтың екі баласы бар. Оның отбасы құрғанына төрт жылдай уақыт болған. Екі жасар Омар мен тоғыз айға енді шыққан Муса әкелерінің суретімен ойнап жүр. Болып жатқан жағдайдан бейхабар бүлдіршіндер «әкелеп» жүгіріп жүр.

«Мен баламның бұл әрекетін жақтамаймын. Таңертең сағат тоғызда жұмысына кетті. Базардың қасында ұялы телефон сатады. Ол солай нанын тауып жүрді. Осыдан бір апта бұрын қасындағы жолдасының келіншегі босанған. Соны далалыққа шығып, атап өтеміз деп жүрген. Үйден шыққанда күдікті ештеңе болған жоқ. Аяғына сүйретпесін іліп шығып кеткен. Келіншегіне «Жұмысқа барамын, Айнұр түстен кейін екеуміз азық-түлік әкелеміз» деп жатқанын естідім», — дейді анасы.

Ал лаңкестің келіншегі мысықтан қорқатын күйеуіне біреулер есірткі егіп, қолына қару ұстатқанына сенімді.

«Менің қорқатын ештеңем жоқ. Мен күйеуіме сенімдімін, ол бұл жағдайға өз еркімен барған жоқ. Менің бір айтарым, күйеуім шығарда сәнденіп «Әдемі болып тұрмын ба?» деп үйден шығып кетті. Қазір келгенімде тамақ алып келеміз деген адам. Оразаға дайындалу керек деп жүрді. Ол басқа ештеңеге дайындалған жоқ. Біз пәтер жалдап тұрып жаттық. Ол машина аламыз деп жүрген еді. Кейін жер сатып алып, кең үй саламыз деді. Оның адам өлтіргеніне сене алмай отырмын. Ол мысықтан қорқатын адам. Өткенде адамдар жердің митингіне шыққанда «Адамдарға не болған, тыныш отырғанда ол жаққа барып не керек?» деген адам қалай қолына қару алады? Түсінбеймін. Қарасаңыз, лаңкес деп жүргеннің бәрі қаршадай жас балалар. Оларды есірткімен егіп жіберген. Онымен төрт жыл уақыт тұрғанымда оғаш қылығын көргенім жоқ. Екі баламыз өсіп келе жатыр», — дейді әйелі Айнұр Омарова.

Олар үш жылдан аса шешесімен бірге тұрған. Анасының айтуынша, ол отбасын ертіп, жақында ғана пәтерге шыққан.

«Жарығым-ау, қайда кеттің мені неге тастадың, балаңды неге жылаттың? Жаным-ау, басыңа қандай күн туды? Ойбай-ау, менің күнім-ау, сен бізге енді жоқсың ғой жаным», — деп зар еңіреген анасы баласының жоқтауын айтып

Ақтөбеде басқа ағымда жүрген 2000-нан аса адамның бар екені БАҚ бетінде жарияланды.

Exit mobile version