Қазақстан Ұлттық банкінің мәлімдеуінше, еркін айырбас бағамына қатысты саясат өзін ақтап отыр, ал теңгенің әлсіреуіне ғаламдық трендтер әсер еткен.
«Соңғы уақытта көптеген дамушы елдерде ұлттық валютаның әлсіреуі байқалады, оған АҚШ Федералдық резерв жүйесінің монетарлық саясаты себеп болды. Оның ықпалы Қазақстанға да тиді» делінген Ұлттық банк мәлімдемесінде.
АҚШ Федералдық резерв жүйесі саясатының қатаюының салдарынан көптеген инвесторлар тәуекелі жоғары активтерден бас тартқан. «Қазақстанның әлемдік қаржы нарығына интеграциясы жүріп жатқан уақытта жергілікті нарыққа ғаламдық трендтер әсер етуі заңды құбылыс» делінген мәлімдемеде.
Сауда балансындағы «елеулі позитивтерге» қарамастан, шетел инвесторлары табыстарының шығарылуынан Қазақстанның төлем балансы есебі теріске шығып тұр. Ұлттық банк мәліметі бойынша, 2017 жылы резидент еместердің шамамен 19 млрд доллар табысы шығарылған.
Қазақстан қор биржасында (KASE) орташа доллар бағамы 3 тамызда 349 теңге болды. Алматыда валюта айырбас желілері 3 тамызда таңертең долларды 351–352,5 теңгеге сатып алып жатыр.