11 ақпанда Мәскеу қалалық соты полиция қызметкерінің өлімі үшін айыпталған қырғызстандық Нұрлан Мұратовты кінәлі деп тауып, 18 жылға түрмеге кесті. Бұл туралы оның адвокаты Алексей Толстых Азаттыққа хабарлады.
Осыған дейін Алексей Толстых тергеу ісінде нақты дәлелдер табылмағанын айтып, сот Муратовты ақтап шығады деп үміттенетінін жеткізген.
2018 жылдың 3 қыркүйегіне қараған түні Мәскеудің «Курская» метросында 23 жастағы полиция қызметкері Андрей Райскийдің денесі табылған. Оның басына тиген оқтан қаза болғаны анықталған.
Ресейдің Тергеу комитеті Қылмыстық кодекстің 317-бабы («Полиция қызметкеріне қол салу») бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бұл оқиғаға байланысты қырғызстандық Нұрлан Муратов күдікті ретінде ұсталып, тергеу абақтысына қамалған.
Ош облысында туып-өскен Нұрлан Муратов 2006 жылдан бері Ресейде жұмыс істеген. 2008 жылы Орынборда орыс азаматтығын алған. Соңғы жылдары отбасымен Мәскеуде тұрған. Туыстары оның кінәлі екеніне сенбейді.