Мәскеу метросының “Тульская” станциясында тәжікстандық азаматтардың шабуылына тап болды деген полиция өкілдері шын мәнінде зардап шеккен жоқ. Осылай деп сот- медициналық сараптау қорытындысымен танысқан дереккөз мәлімдеді.
Озоди радиосының дереккөзі хабарлағандай, Тәжікстан азаматтарына “Билік өкіліне күш қолданды” деген бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ұсталғандар 200 мың рубль көлемінде айыппұл төлеп, алты айдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сот-медициналық сараптау қорытындысы полицейлердің өміріне ауыр зиян келтірілмегенін анықтаған.
17 ақпанда 21 жастағы Саидакрам мен 18 жастағы Умар «Тульская» станциясында полиция өкілдеріне шабуыл жасады деген хабар таратылған. Мәскеудің тергеу комитеті хабарлағандай, күдіктілер полиция бөлімшесіне барудан бас тартып, полиция өкілдеріне қол көтерген.
Бұл оқиғаға байланысты сот отырысы сәуір айына белгіленген. Тәжікстан елшілігі ағайындыларды қорғау үшін адвокат жалдап берген, тәжік мигранттары тағы екі адвокаттың ақысын төлеп берген.