Ресейдегі Қырғыз мигранттарының кәсіподақ кеңесінің өкілі Акбар Разыкулов полиция көшелерден мигранттарды ұстап, құжаттарын тексермей жатып, бөлімшелерге әкетіп жатқанын жеткізді.
Әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлері шетелдіктерді ұстап, көлікке салып жатқан видеолар тарап жатыр.
Разыкуловтың сөзінше, Мәскеудегі “Текстильщики” метросы алдында 150 мигрант ұсталған. Олардың басым бөлігі қырғыздар, қалғаны Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары. Заңсыз жүрген мигранттарға 5 мың рубль айыппұл салып, ісін сотқа жіберіп жатыр.
Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі таратқан мәліметке қарағанда, Мәскеудегі шетелдік азаматтарды уақытша ұстау мекемесінде 130 мигрант қамауда отыр.
Ресми мәлімет бойынша, Қырғызстанның Мәскеудегі елшілігі оларға құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
Ресей 19-25 маусым аралығында «Нелегал-2023» атты шара өткізетінін мәлімдеген.