Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов 11 қарашада президентікке кандидаттар арасында өтетін дебатқа қазіргі президент әрі үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың неге қатыспайтынын түсіндірді.
– Біріншіден, қазір президент өз өкілетін жалғастырып жатыр. Жұмыс кестесі өте тығыз. Президент болу мемлекеттің бүкіл тағдырына, ішкі және сыртқы саясатына жауап беру. Екіншіден, дебатқа штаб атынан басқа өкілдің қатысуы ешбір сайлау заңына қайшы емес, – деді Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген мәжіліс спикері.
Қазақстанда президенттікке кандидаттар арасында саяси дебат 11 қарашада өтпекші. Ол сол күні «Хабар» арнасынан көрсетіледі. 80 минуттық бір дебат үшін «Хабар» агенттігіне мемлекеттен 63 миллион теңге бөлінетіні осыған дейін хабарланған.
ОСК өкілдерінің айтуынша, дебатқа Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзге үміткерлердің бәрі: Қарақат Әбден, Нұрлан Әуесбаев, Жигули Дайрабаев, Мейрам Қажыкен, Салтанат Тұрсынбековалар қатысады. Олармен дебатта Тоқаевтың орнына мәжіліс спикері Ерлан Қошанов сөз жарыстырады.
«Хабар» агенттігінің өкілі Дәулетхан Жиенқұловтың сөзінше, дебатқа қатысушыларға тікелей эфирде сұрақ қойылмайды.
Президентікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы кезектен тыс өткен сайлау кезінде де тікелей эфир дебатына қатыспаған. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та өзі билікте отырғанда елде өткен дебаттарға ешқашан қатысқан емес.
Қазақстан азаматтары биыл 20 қарашада ел президентін сайламақ. Бұған дейінгі сайлаулар сияқты бұл да кезектен тыс өткелі отыр.